Қазақстанда жеке адамдардың банкроттығы қалай рәсімделеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң жобасы мен ілеспе құжаттар мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасының негізгі мақсаты - Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілетсіздігіне байланысты мәселелерді шешу және төлем қабілеттілігін қалпына келтірудің қазіргі заманғы институтын құру. Құжатта соттан тыс банкроттық, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот банкроттығы сияқты рәсімдерді регламенттеу ескерілген.

Мәжіліс депутаты Дания Еспаеваның айтуынша, соттан тыс банкроттық рәсімі аясында 1600 АЕК-ке дейін қарызы бар адамдар қамтылады. Ол үшін бірнеше шарт ескерілуі керек. Осы орайда банктер, микроқаржы ұйымдары, коллекторлық агенттіктер алдындағы берешек 1600 АЕК сомасынан аспауы тиіс.

Екінші рәсім – сот арқылы банкроттық. Бұл рәсім барысында борышкердің мүлкі сатылады. Түскен қаражат белгіленген кезекпен кредиторлар алдындағы қарыздарды өтеуге жұмсалады.

«Егер жалғыз тұрғын үй кепіл зат нысаны болмаса, кредиторлар оны талап ете алмайды. Борышкердің теріс пиғыл белгілері болмаған жағдайда, қалған төленбеген қаржы есептен шығаруға жатады», - деді депутат.

Үшінші рәсім – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру тәртібі. Бұл тұрғыда тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды өтеу үшін сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігі қарастырылған. Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушылармен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі.

Жалпы, банкроттықтың салдарына тоқталсақ, құжатта 5 жылға несие алуды шектеу ескерілген. Екіншіден, азаматтар 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіне алады. Үшіншіден, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдері кезеңінде борышкердің елден шығуына тыйым салуды белгілеу қарастырылған.

«Атап айтқанда, бұл рәсімдерден өтуді азамат өз еркімен шешеді. Яғни, адамдар бұл өтінішті өзі беруі керек. Басқа адамдар, мемлекеттік орган немесе банк азаматтың атынан банкроттыққа өтініш бере алмайды», - деді Д. Еспаева.


Соңғы жаңалықтар