Қазақстанда «жасыл» кәсіпорындардың рейтингі жасалады

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда «жасыл» кәсіпорындардың арнайы рейтингі жасалып, қорытындысы қараша айында жарияланбақ. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Елдос Абақанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы рейтингті біз «Интерфакс-ЭРА» эколого-энергетикалық рейтингті агенттікпен бірге жасап жатырмыз. Қазақстан «Орхус конвенциясына» (қоршаған ортаны қорғау мәселері бойынша құжат) қол қойған мемлекет. Ол құжат бойынша біздің елде экологиялық ақпарат қолжетімді болуы керек. Сол конвенцияға сәйкес барлық кәсіпорындар өздерінің экологиялық ақпараттарын халыққа әрдайым жеткізіп немесе сұранысы бойынша ұсынып отыруы тиіс», - дейді Елдос Абақанов.

Оның айтуынша, кей жағдайда кәсіпорындар өздерінің экологиялық ақпараттарын ұсынған күннің өзінде халыққа техникалық тілмен жеткізеді.

«Яғни, қарапайым халық ол мәліметтерді түсінбеуі мүмкін. Рейтинг арқылы біз қандай мәселелерді сұрап отырмыз. Біріншіден, арнайы анкета болады. Оны қазір кәсіпорындар толтырып  жатыр. Бәріне хат жолдадық. Сол анкета толтырылғаннан кейін қандай мәселелер бар - қаншалықты ауаны ластаушы заттар көбейді деген секілді экологиялық параметрлер бойынша ақпарат жинаймыз. Одан кейін арнайы әдістеме арқылы кәсіпорын қаншалықты қоршаған ортаға өзінің зиянын тигізіп жатқаны есептеледі», - дейді Елдос Абақанов.

Басқарма төрағасы орынбасарының айтуынша, анкета арқылы экологиялық ақпаратты беруде кәсіпорындардың ашықтығы да көрінеді. Кей кәсіпорындар экологиялық ахуал туралы мәліметтерін көрсеткісі келмеуі мүмкін. Ондай жағдайда ол кәсіпорын экологиялық заңнаманы дұрыс іске асырып жатқан жоқ деп әбден айтуға болады.

«Қараша айының ішінде рейтингтің қорытындысын жасаймыз. Соған сәйкес кәсіпорындарда сала бойынша көріп, экологиялық ашықтығын жария етеміз. Ақпаратты берген кәсіпорындар біздің тараптан қажетті кеңес алады. Мәселен, бір тауар немесе бір шикізат түрін шығаратын екі кәсіпорын осы параметрлер арқылы салыстырылады», - дейді ол.

Елдос Абақановтың айтуынша, кәсіпорындардың анкета толтыруы немесе толтырмауы өздерінің қалауы бойынша жүзеге асырылады.

«Рейтингтің соңында кәсіпорындар экологиялық қауымдастық пен қоғамның алдында өздерінің тазалығын немесе жұмысты дұрыс атқарып жатқанын көрсете алады. Шамамен қарашаның соңында рейтингтің соңынан кейін арнайы үлкен форум өткіземіз. Сол форумда рейтингтің үздік компаниялары ынталандырушы тетік ретінде арнайы марапатқа ие болады», - дейді басқарма төрағасының орынбасары.

Елдос Абақанов атап өткендей, рейтингтен кейін экология қауымдастығы кәсіпорындармен бірлесе жұмыс жүргізбек. Ал кәсіпорындар өзінің экологиялық ахуалы турасында ақпараттарды қаншалықты дұрыс жеткізіп, анкетаны қатесіз толтырады? Экологиялық ұйымдар қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары бұл мәселе де назарда екенін атап өтті.

«Біз рейтингті жасау кезінде кәсіпорындардың анкеатасын ғана қарамаймыз. Заңнамалық түрде экологиялық ахуал реттелген. Демек, экологиялық бақылау комитеті, экологиялық иснпекторлар оның бәрін бақылап отыр. Экологиялық ахуал мемлекеттік органдардың бақылауында болғандықтан, қажетті мәліметтердің бәрін олардан ала аламыз. Одан бөлек, кәсіпорындар жұмыс істейтін аймақтарда БАҚ-та немесе әлеуметтік желілерде, тәуелсіз рейтингті агенттіктерде ол ақпарат болса, ол мәліметті де анкетамен салыстыратын боламыз. Мысалы, Теміртауда қара түсті қар жауды немесе тағы басқа аймақта экологиялық апат болды. Яғни, экологиялық апат тіркелсе, кәсіпорынның ұсынған мәліметінде толыққандылық жоқ шығар. Міне, соны тексереміз. Сондықтан, рейтинг арқылы экологиялық кәсіпорындармен бірлесе отырып, мәселені шешу жолдарын іздейміз», - деп түйді Елдос Абақанов.

Соңғы жаңалықтар