Қазақстанда жасалған: «Шин-Лайн» ЖШС өнімдерін Моңғолияға экспорттай бастады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Балмұздақ өндірумен айналысатын «Шин-Лайн» ЖШС өнімдерін Моңғолияға экспорттай бастады. Компанияның жетістіктері мен болашақ жоспарлары туралы бас директор Владимир Пак айтып берді.

«Шин-Лайн» компаниясының негізі 2002 жылы Алматыда қаланды. Жарғылық капиталы 600 млн теңге болса, 2014 жылы кәсіпорын айналымы 3 млрд теңгені құрады. Аталған кәсіпорында балмұздақ, асептикалық сүт өндіріледі. Онымен қатар, кәсіпорын Қазақстанда ірі дистрибьюторлық желі қалыптастырған.

«2004 жылдан бері балмұздақ өндірісін алға қойдық. Бұл сала өндірістің шамамен 77 пайызын құрап отыр. «Шин-Лайн» тауар белгісімен 6 түрлі балмұздақ шығарады. 2005 жылдан бері асептикалық сүт шығарамыз. Әрине, балмұздақ маусымдық бизнес болғандықтан, қыс кезінде бағалы кадрлардан айырылып қалмас үшін асептикалық сүттің өндірісін дамыттық. Осы бағытта Оңтүстік Кореялық «Бенгре» компаниясының франшизасын сатып алдық. Қазір олардың желісімен шығарылатын балмұздақтарымыздың ТМД аймағында теңдесі жоқ. 2009 жылы Қазақстанда ірі дистрибьюторлық желі қалыптастырдық. Біздің қолымызда суық температураны сақтайтын техника баршылық болғандықтан, мұздатылған жартылай фабрикат өнімдер, сары май жеткізе бастадық. «Нетсле»» мен «Бондюэль» компанияларының ресми дистрибьюторы болып отырмыз. Осылайша нарықты зерттей келе, жеткізіп жүрген тауарларымызды енді өзіміз өндірсек деген мақсат бар. 2012 жылдан бері жылдам дайын болатын лапша өндірісін жолға қойдық», - деді В.Пак.

Айта кету керек, кәсіпорын қазір балмұздақ өндіруде Қазақстан бойынша көшбасшы болып отыр.

Алайда, бұл бизнестің де өзіндік қиындықтары бар, - дейді басшысы.

«Әрине, қалалар арасындағы үлкен қашықтық өнімімізді дер кезінде жеткізуге кедергі келтіреді. Алматы мен Атыраудың арасы 5 мың шақырым. Сондықтан, Қазақстанның әр өңірінде шағын өндіріс орнын ашуға тырысып жатырмыз», - деді ол.

Сондай-ақ, кәсіпорын зауыттарында өзге компанияның өнімдері де қорапқа салынып, қапталады. Ол үшін заманауи техникалық құрал-жабдық бар.

Компания Оңтүстік Кореялық әріптестерімен тығыз байланыс орнатқан. «Хюндай», «Джен сунг рефрижератор» компанияларынан қажетті тоңазытқыш құралдарын жеткізіп тұрады.

«Жыл сайын Хюндайдың 30-40 көлігін алып тұрамыз. Әрине, Қазақстандағы өндірушілерден. Осылайша біз салық және тағы басқа төлемдерден босатылғанбыз. Ал, эфтетикалық будкаларды Оңтүстік Кореядан сатып аламыз. Қазақстан ішінде тасымалдауға арналған 2 фурамыз бар», - деді ол.

Шығарылатын өнімнің 6,7 пайызы шетелге экспортталады. Бүгінде кәсіпорынның өнімдері Ресей мен Қырғызстанға жеткізіледі. Жақында компания Моңғолия нарығына шыға бастады.

Кәсіпорын директорының айтуынша, мұнда аттестациядан өткен арнайы лаборатория бар. Онда дайын өнім мен шикізат тексеруден өтеді. Компания «ISO» стандартымен әрі халал стандартымен сертификатталған. Өзінің ветеринарлық қызметі бар.

Кәсіпорын ШОБ-ты қолдауға бағытталған мемлекеттік қолдаудың барлық құралдарын пайдаланған.

«Бизнестің жол картасы-2020», «Өндіріс» бағдарламаларына қатыстық. Қазір «Бәйтерек» холдингі жариялаған «Ұлттық чемпиондар» бағдарламасына қатысып жатырмыз», - деді В.Пак.

Соңғы жаңалықтар