Қазақстанда жасалған көліктердің әлемдік нарықтағы үлесі 0,02% ғана – министрлік

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2017-2021 жылдар аралығында машина жасау саласындағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізуге небәрі 2,3 млрд теңге жұмсалды. Ашық НҚА порталында жарияланған машина жасау саласын дамытудың 4 жылдық кешенді жоспарында осылай жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Отандық машина жасау өнімдері әлемдік нарықта жеткіліксіз ұсынылған. 2021 жылы оның үлесі 0,02% ғана болды. Мәселен, Ресейдің машина жасау өнімдерінің әлемдік экспортындағы үлесі - 0,3%, Корея - 4,6%, АҚШ - 8,3%, Германия - 9,6%, Қытай - 20%. Бұл осы елдердегі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды айтарлықтай қаржыландыруға байланысты», - деп жазылған құжатта.

Министрлік мәліметінше, 2017-2021 жылдар аралығында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған өңдеу өнеркәсібіндегі ішкі шығындар 12,3 млрд теңгеге теңелген.

«Өңдеу өнеркәсібіндегі машина жасау саласына арналған ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарына небәрі 2,3 млрд теңге жұмсалды. Ол жалпы қаржының 18,8%-ы. Ал металлургия саласына 2,8 млрд теңге немесе жалпы көлемінің 22,6%-ы бағытталды», - делінген Индустрия және инфроқұрылымдық даму министрлігінің талдау деректерінде.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстандағы машина жасау саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілмек.


Соңғы жаңалықтар