Қазақстанда жас мамандарды кәсіби дамытуға бағытталған тың жоба басталды
2021 жылғы 30 қыркүйек 17:27

Қазақстанда жас мамандарды кәсіби дамытуға бағытталған тың жоба басталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жастар саясаты саласындағы кадрларды кәсіби дамыту жобасы бастау алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін жастар саясаты саласындағы республикалық және өңірлік басқару кадрларын кәсіби қолдау мақсатында «Кәсіби даму академиясы» жобасы бастау алды.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асқар Омаров жас кадрларды қолдау үшін кәсіби алаңдардың маңызын атап өтті.

«Адами капиталды дамытуға салынған инвестиция - ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың басты құралдарының бірі», - деді А.Омаров.

Біліктілікті арттыру білім бағдарламасының 10 күні ішінде коуч-сессиялар, оқытушы сағаттары және тәжірибелік сабақтар өткізіледі.

Оның барлығы жастармен жұмыс істеуде кәсіби дағдыларды жетілдіруге бағытталған.

Іс-шараға жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері, басшы ретіндегі тәжірибесі бар өңірлік мемлекеттік қызметшілер қатысты.

Бірінші күні Қазақстандағы Халықаралық бизнес-тренерлер мектебінің өкілі Людмила Серекбаева қатысушыларға қазіргі заманғы көшбасшылардың қалыптасуы мен қажетті дағдылары, сондай-ақ команданы басқару ерекшеліктері туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

«Кәсіби даму академиясы» жобасы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, «Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институты және «Nur Otan» партиясы жанындағы Саяси менеджмент мектебі арасындағы өзара іс-қимылдың нәтижесі болды.

Іс-шара барлық санитарлық-эпидемиологиялық шараларды, соның ішінде «Ashyq» бағдарламасын қолдану жағдайында өтті.


Jańalyqtar

MURAǴAT