Қазақстанда жас геологтердің ашық далалық олимпиадасы қайта ашылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Балдәурен» лагерінде жас геологтардың VI Қазақстандық ашық далалық олимпиадасының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.

Ашылу салтанатына Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі Т.Момышев, Геология комитеті төрағасының орынбасарлары, «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ уәкілетті тұлғасы Ж. Карибаев, Ақмола облысы әкімдігінің өкілдері, олимпиада демеушілері – ұлттық компаниялардың басшылары қатысты.

Іс-шараны вице-министр Т.Момышев құттықтау сөзімен ашты. Ол өз сөзінде осындай іс-шараларға қатысудың геологтардың жаңа ұрпағын дайындау мен қалыптастыруға орасан зор ықпал ететінін, оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, елдер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайта түсетінін атап өтті.

Олимпиадаға Қазақстан Республикасының астанасы мен аймақтарынан келген 7-11 сынып оқушылары қатысуда. 2010 жылы өткен 1-ші Қазақстандық олимпиадаға небәрі 8 команда қатысқан болатын. Ал, биылғы VI Олимпиадаға қазірдің өзінде 15-тен астам командалар қатысуда, олардың ішінде Татарстан Республикасы (Ресей Федерациясы), Беларусь және Өзбекстан сияқты елдердің командалары бар екенін айта кету керек. Жас геологтар командаларының саны ғана көбейіп қоймай, сонымен қатар олардың дайындық деңгейінің жоғарылағаны байқалды.

Министрлік мемлекет басшысы жариялаған «Балалар жылы» қарсаңында, жарысқа қатысушылардың алдыңғы орындарға ие болғандарына Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіне оқуға үш грант беруді жоспарлап отыр.

«Жас геолог» ҚК Геология комитетінің қолдауымен 2012 жылдың қаңтарында құрылды. Қордың негізгі міндеті ерте кәсіби бағдар беру жұмысын жүргізу, жас геологтардың қазақстандық далалық олимпиадаларын ұйымдастыру және өткізу, жас геологтар үйірмелерінің желісін кеңейту, дарынды жастарды қолдау болып табылады.

Қазақстанның жас геологтары республикалық олимпиадаларға қатысумен қатар, халықаралық олимпиадаларда да ел намысын табысты қорғап жүр. Қазақстандық жас геологтар командалары Бразилияда (2015), Жапонияда (2016), Францияда (2017), Таиландта (2018) өткен IESO-ның жеке және командалық жарыстарында алтын, күміс және қола жүлдені жеңіп алды.



Соңғы жаңалықтар