Қазақстанда Жас дипломаттар кеңесі құрылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда Жас дипломаттар кеңесі құрылады. Бұл туралы бүгін «Қазақстан дипломатиясының жаңа есімдері» атты кітаптың таныстырылымында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ағымдағы жылы алғаш рет тағайындалған қызметкерлерді кәсіби бейімдеу және олардың кәсіби өсуіне қолдау көрсету мақсатында Жас дипломаттар кеңесін құруды жоспарлап отырмыз. Кеңес жұмысына осыдан 2-3 жыл бұрын құрылған қазақстандық дипломаттар бірлестігі басшылық жасайтын болады», - деді ҚР СІМ орынбасары.

Сонымен қатар ол еліміздің жас дипломаттары спорттық шараларға да белсене қатысып, салауатты өмір салтын ұстанатындығын атап өтті.

«Бұл да жастарды жан-жақты дамытудың маңызды көрсеткіші саналады. Біздің қатарымызда бес адамнан тұратын марафоншылардың әуесқой командасы, футболшылар, теннисшілер, бір ескекші, тіпті Ironman да бар. Осыдан біраз күн бұрын ғана біздің Израильдегі екі қызметкеріміз Тель-Авивте толық марафонды жүгіріп өтті. Сондай-ақ дипломаттарымыз «Не? Қайда? Қашан?» білгірлер ойынына да белсенді қатысады», - деді ол.

Роман Василенко еліміздің Сыртқы істер министрлігі оқушылар, студенттер және еріктілер үшін ашық екендігін баса айтты.

«Осы жылдың күзінде «БҰҰ моделі» атты кезекті жалпыұлттық шарасын өткізу жоспарланып отыр. Оның аясында бүкіл еліміздің студенттері өзекті халықаралық проблемалар бойынша пікірталас өткізеді», - деді СІМ орынбасары.

Айта кетейік, бүгінде Сыртқы істер министрлігінің 289 жас дипломат жұмыс істейді.

Соңғы жаңалықтар