Қазақстанда жарты миллион шаршы шақырым аумақта кен барлау жұмыстары жүргізілмек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серікқали Брекешев «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» бағдарламасының аясында қанша аумақта кен барлау жұмыстары жүргізілетінін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұлттық жоба аясында 500 мың шаршы шақырымнан астам аумақта тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. Соның арқасында біз геологиялық барлау жұмыстарының одан арғы сатыларын қою үшін шамамен 295 перспективалы жобаны анықтауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, Ұлттық геологиялық қызметті құру маңызды болып отыр. Оның аясында біз бесжылдық инвестициялық жобалар пулын ұсынуды жоспарлап отырмыз. Менің ойымша, 20-дан астам осындай жобаны қолға алуға болады. Кен барлау ісіне инвестиция осы жобалар арқылы тартамыз», - деді Серікқали Брекешев ОКҚ брифингінде.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, аталмыш жобаны іске асыру үшін алдағы бес жылда шамамен 165 млрд теңге бюджет қаржысы керек болады. Соның есебінен 950 млрд теңге инвестиция тартуға болады.

«Яғни, әрбір бюджет теңгесіне шамамен 4-5 теңге жеке инвестиция тартамыз», - деді Серікқали Брекешев.

Аталмыш шарада вице-министр Торғай, Ертіс, Арал аумағында мұнай қорын барлау жұмыстары жүргізілетінін айтты.

«Бүгінгі күні елде өндірілетін мұнай мен газдың барлық көлемі 5 бассейнде игеріледі. Олардың ішінде Каспий маңының үлесі орасан. Барлық рерсурстық базаның шамамен 80%-ы Каспий маңына тиесілі. Солтүстік Торғай, Ертіс өңірі, Арал, Сырдария, Шу-Сарысу бассейндерінің де әлеуеті зор деп есептеледі. Бірақ бұл бассейндер аз зерттелген. Олардың нақты әлеуетін зерделеу үшін инвесторларды тартып, мемлекеттік қолдау көрсету қажет», - деді Серікқали Брекешев.


Соңғы жаңалықтар