Қазақстанда жаппай тәртіпсіздікке шақырғандарға жауапкершілік күшейтіледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов елімізде жаппай тәртіпсіздікке шақырған адамдарға қатысты санкциялар күшетілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «ҚР Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстеріне қылмыстық сот төрелігі, жазаны орындау және азаптау мен қатыгез әрекеттердің алдын алу саласындағы адам құқықтары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.

Осы орайда мыналар үшін санкцияларды күшейту көзделген:

– жаппай тәртіпсіздіктерге шақыру (ҚК 272-бабының 1-бөлігі, 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру), оның ішінде телекоммуникация желілерін пайдалана отырып (ҚК 272-бабының 2-бөлігі, құқық бұзушылықтың жаңа құрамы-3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру) шақыру.

– қылмыстық топ құрамында жасалған бұзақылық (ҚК 293-бабының 3-бөлігінен 4-бөлігіне, 5-тен 7-жылға дейін бас бостандығынан айыру).

«Қылмыстық топтың құрамында жасалған кісі өлтіру мен бандитизм үшін санкциялар күшейтіледі. Мұндай адамдарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату мүмкіндігін болдырмау көзделіп отыр», - деді министр.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында тілшілер министрге «жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты норманы қатаңдату митингі туралы заңға қайшы келмей ме» деген сұрақ қойды.

«Бейбіт жолмен өзінің позициясын айтуға келген азаматтарды полиция жаппай тәртіпсіздік бойынша қамауға алуы мүмкін бе», - деп сұрады тілшілер.

Өз кезегінде М. Ахметжанов заңда жаппай тәтіпсіздікке шақырған кезде ғана жауапкершілік қарастырылатынын айтты.

«Құжатта митинг туралы сөз мүлдем жоқ. Митингі мен жаппай тәртіпсіздікті ажырата білу керек. Нысандарды қирату, өрттеуге қатысты интернет арқылы үндеу тарататын болса, осы әрекеттерге жауапкершілік ескерілген», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар