Қазақстанда жанар-жағармайға шекті бағалар артпайды - ҚР Мұнай және газ министрі

None
None
АСТАНА. 4 ақпан. ҚазАқпарат - Ақпанда Қазақстанда мұнай өнімдерінің реттелетін түрлеріне шекті бағалар артпайды. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев мәлім етті.

«Ақпанда баға өспейді, атап айтқанда ақпан айы басталып кетті. Ал наурыздағы жағдайды көре жатармыз»,-деді министр.

Бұдан бөлек, С. Мыңбаев Ресеймен жанармай бағасын теңестіру мәселесі бойынша сауалға жауап берді.

«Бізде Ресеймен арада Бірыңғай экономикалық кеңістік бар, яғни бұл тұрғыда кеден мен шекара жоқ. Осы жағдайда мұнай өнімдеріне бағалар қандай да бір түрде салыстырлмалы болуы тиіс. Мұнай өнімдері түрлері тұрғысында алшақтық 10-15 пайыз шамасында болуы мүмкін. Алайда, реттелетін мұнай өнімдері бойынша баға айырмашылық 35-40 пайыз деңгейіне дейін жетсе, бұл өз кезегінде аталған мұнай өнімдерін Ресейдің шекаралас өңірлеріне тасымалдау қатерін тудырады, яғни бұндай әрекеттер болып та жатыр»,-деп нақтылап өтті министр.

Оның сөзінше, мұнай өнімдеріне бағаны төмен бағада ұстау үшін қадағалау тетіктері болуы қажет, яғни шекаралық реттеу керек болады. «Егер де бұндай шекара болмаса, онда баға салыстырмалы болуы тиіс. Мен бұл тұрғыда «бірдей деңгейде болуы қажет» деп айтып тұрғаным жоқ. Реттелетін мұнай өнімдерінің түрлеріне бағалар 15 пайызға төмен болады, себебі біздің акциздік саясатымыз осылай қалыптасып отыр. Егер де акциздердегі бұл айырмашылық қалатын болса, онда бізде бағалар төмен болады. Бірақ 40 пайыз деңгейінде емес»,-деп түйді С. Мыңбаев.

Соңғы жаңалықтар