Қазақстанда жанар-жағармай бағасы бір жылда қаншалықты қымбаттады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еnergyprom.kz сарапшылары жыл ішінде Қазақстанда бензин мен дизель отыны қандай деңгейде қымбаттағанын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2022 жылдың мамыр айындағы жағдай бойынша өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бензин құны 4,7 пайызға қымбаттады. Тиісті кезеңде отын бағасы үшінші жыл қатарынан өсіп отыр. Ал дизель отынының құны бірден 41,5 пайызға көтерілді. Осы орайда бұл отын түрі бұған дейін екі жыл қатарынан арзандағанын атап өткен жөн», - делінген таратылған мәліметте.

Атап айтқанда, жазғы дизель отыны бір жылда 24,6 пайызға, АИ-98 маркалы бензині - 9,6 пайызға, АИ-95/96 —9,1 пайызға, сондай-ақ АИ-92 бензині 4,2 пайызға қымбаттады.

Биылғы мамыр айында АИ-92 маркалы бензинінің орташа бөлшек сауда бағасы литріне 178 теңгені, АИ-95/96 — 210 теңгені, АИ-98 — 232 теңгені, ал жазғы дизель отынының бір литрінің құны 234 теңгені құрады.

АИ-92 бензинінің жоғары бағасы Петропавлда (литрі 182 теңге), АИ-95/96 безинінің қымбаттау (215 теңге) сомасы Алматыда, сонымен қатар АИ-98 маркалы бензинінің бір литрі үшін жоғары құны Қостанайда (238 теңге) байқалды.

Еліміз бойынша арзан бензин Атырауда болды. Бұл өңірде АИ-92 бензинінің бағасы литріне 168 теңге, АИ-95/96 — 201 теңге, АИ-98 бензині 227 теңге шамасында тіркелді. Сонымен қатар Ақтауда да АИ-95/96 маркалы бензинінің құны литріне 201 теңгеге, Қарағанды мен Оралда АИ-98-дің бағасы 227 теңгеге бағаланған.

Жазғы дизель отыны Қостанай мен Петропавлда (литрі 260 теңге) қымбаттау болса, Шымкентте ең төмен (225 теңге) баға байқалды.

GlobalPetrolPrices.com сайтының мәліметінше, 2022 жылдың 6 маусымындағы жағдай бойынша бензин бағасының арзандығы жағынан Қазақстан 170 елдің арасында 11-ші орында (литрі 0,48 АҚШ доллары) тұрақтады.

Ал дизель отынының құны тұрғысында 169 елдің ішінде 16 орынға (0,55 доллар) жылжыды.

Әлем елдерінің арасында ең қымбат бензин Гонконгта (литрі 2,96 АҚШ доллары), Норвегияда (2.86 доллар), Данияда (2,73 доллар), Финляндияда (2,68 доллар) және Исландияда (2,52 доллар) тіркелді.

Дизель отыны бойынша Гонконгта (2,73 доллар), Швецияда (2,68 доллар), Норвегияда (2,6 доллар), Монакода (2,43 доллар), сондай-ақ Исландияда (2,46 доллар) жоғары баға белгіленген.


Соңғы жаңалықтар