Қазақстанда жанама ынталандыру қадамдарын енгізу ұсынылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда электронды және корпоративті қайырымдылық тетіктерін жанама ынталандыру іс-шараларын енгізу ұсынылды. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біріншіден, электронды және корпоративті қайырымдылық тетіктерін жанама ынталандыру іс-шараларын енгізу ұсынылып отыр. Екіншіден, қайырымдылық әрі волонтерлік ұйымдарға заңды мәртебе беру бөлігінде қосымша қадамдар енгізіліп жатыр», - деді министр «Қайырымды істер марафонының» басталуына арналған іс-шарада.

Оның сөзіне қарағанда, салық жеңілдіктері арқылы қаржылық ынталандыру мәселесі пысықталып жатыр.

«Осы жаңашылдықтарды қабылдау арқылы елдегі қайырымдылық қозғалысы тұрақты қарқын алатынына, ал осы марафонның басталуымен олардың қатары Тәуелсіздіктің 30 жылдығында өз үлесін сөзбен емес, іспен атқаруға таңдау жасаған нағыз патриоттармен толығатынына сенімдімін», - деді А. Балаева.

Осы орайда ол қоғам мен бизнес өкілдері тарапынан қажетті ұсыныстар мен бастамаларды күтетінін айтты.

Бұдан бұрын хабарланғандай , бүгін елордада донорлар мен меценаттардың қатысуымен «Қайырымды істер марафоны» басталды.

Айта кетейік, «Қайырымды істер марафоны» бастамасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген болатын.


Соңғы жаңалықтар