Қазақстанда жаңа технологияларға көшу жұмыстары электр станцияларынан басталады – сенатор

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан кәсіпорындарын ең озық қолжетімді технологияға көшіру жұмыстары энергетика саласынан басталады.

Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін біз экологияның және жасыл экономиканың ең өзекті мәселелерін талқылауға жиналдық. Таза экология мен экономика құру – айтарлықтай күрделі міндет. Бір жағынан, өндірістік секторлар халықты қажетті тауарлармен қамтамасыз етеді. Екінші жағынан дәл осы секторлар қоршаған ортаны ластайды. Бұл жағдайдан қалай шығамыз? Президент биылғы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің жасыл дамуына ерекше назар аударды. Біріншіден, бұл ұлт денсаулығына, халықтың және қоғамның әл-ауқатына тікелей қатысты. Аталған міндеттерге қол жеткізу үшін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі үлкен жұмыс атқаруда. Жаңа Экологиялық кодекстегі бірінші кезектегі міндет – қазақстандық кәсіпорындарды ең озық қолжетімді технологияларға (ЕҚТ) – техниканың ең үздік жетістіктері қағидаттарына ауыстыру болып отыр», - деп атап өтті Б. Жұмағұлов.

Ең озық қолжетімді технологиялар (ЕҚТ) — шаруашылық қызметтің қоршаған ортаға теріс әсерін азайтуға бағытталған, ұйымдастыру және басқару шараларын қамтамасыз ететін салалық технологиялар, техника және жабдық. Яғни, ОҚТ нақты бір өнеркәсіп саласының ерекшеліктерін ескере отырып, қоршаған ортаға теріс әсерін азайтудың анағұрлым сапалы және экономикалық негізделген бақылау элементі болуы тиіс.

Бақытжан Жұмағұловтың айтуынша, ОҚТ пайдалану – елдің жасыл дамуының, экология мүддесінде сай тепе-теңдікті қамтамасыз етудің үздік әлемдік тәжірибесі. Бұл технология ЭЫДҰ-ның 39 елінде және Беларусь, Қытай және Ресей елдерінде қолданылады. Оның мақсаты – экологиялық таза және бизнес үшін қолжетімді технологияларды қайта өңдеу. Яғни, қоршаған ортаға теріс әсерді барынша азайту.

«Қазір Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы ғылыми-техникалық кеңес мүшелерімен бірлесіп, энергетика, тау-кен металлургия, химия салаларының 50 ірі кәсіпорны үшін түсіндіру, кешенді технологиялық бағалау жұмыстарын жүргізуде. Еліміздің энергетикалық секторы – ластайтын заттар шығарудың ең ірі көзі екенін ескеруіміз керек. Оның үлесінде Қазақстан бойынша шығарындылардың шамамен 40% бар. Осы факторлардың барлығы бізді энергетика саласынан бастап ең озық қолжетімді технологияларға көшуге бағыттап отыр. Біріншіден, ОҚТ-ға көшуді 14 электр станциясынан бастаймыз, оларға зиянды заттардың жалпы ел шығарындыларының шамамен 30% тиесілі», - деді депутат.

Сонымен бірге, Б. Жұмағұлов ең озық қолжетімді технологиялар қағидатына көшудің жан-жақты талдау мен зерттеуді талап ететін, ұзақ еңбекті қажет ететін процесс екенін баса айтты.

«Жаңа өзгерістер ұдайы зерттеу мен талқылауды қажет етеді. Сондықтан бүгінгі алаңда еліміздің жасыл дамуы үшін ең озық қолжетімді технологиялар қағидатына көшудің тиімді, қажетті шешімдерін талқылау үшін, әзірлеу үшін жиналдық. Бүгінгі конференция осы салада тәжірибе мен білім алмасу үшін кәсіби және сындарлы диалог құруға мүмкіндік беретініне сенімдімін», - деді Бақытжан Жұмағұлов.

Айта кетейік, Халықаралық жасыл технологиялар орталығында «Жасыл» экономика және ең озық қолжетімді технологиялар қағидаттарына көшу мәселелері» атты ІІ халықаралық конференция өтіп жатыр.

Конференцияның басты спикерлері ретінде қазақстандық сарапшылар және Ластанудың алдын алу және бақылау жөніндегі Еуропалық кешенді бюроның басшысы Серж Роудие, БҰҰ ЭСКАТО Қоршаған орта және даму департаментінің директоры Стефанес Фотиу, Қоршаған орта жөніндегі неміс агенттігінің өнеркәсіптік шығарындылар директивасы жөніндегі уәкілетті ұлттық органның сарапшысы Катя Краус сияқты таяу және алыс шетелден келген сарапшылар қатысады.


Соңғы жаңалықтар