Қазақстанда жаңа форматта жастарға арналған «Менің арманым» конкурсы өткізілмек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 20 шілдеден бастап жылдың соңына дейін 14-29 жас аралығындағы жастарға арналған «Менің арманым» конкурсы өтеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Жастарға арналған сайыстың өткізілуіне ҚР Білім және ғылым министрлігі мұрындық болып отыр. Министрліктің өкілі Болатбек Абдрасиловтың айтуынша, байқауға қатысу үшін Қазақстанның барлық аймақтарынан қыркүйек айының басына дейін өтінімдер қабылданады. Конкурстың басты мақсаты - Қазақстан жастарының әлеуметтік белсенділігін, сыни және шығармашылық тұрғыда терең ойлауын дамыту. Негізгі міндеттері бойынша Елбасының «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» мақаласында белгіленген бағыттағы жобаларды қолдау үшін өткізілмек.

«Бұл жоба - жастарды қолдайтын ерекше конкурс болайын деп тұр. Конкурс интеллектуалды шоу ретінде «Хабар» агенттігі арқылы көрсетіледі. Бес бағыт бойынша: білім, технологиялар, экология, әлеумет, мәдениет саласының мәселелері бойынша өтінімдер қабылданады. Мұндай жаңа форматтағы конкурс тұңғыш рет ұйымдастырылмақ», - дейді Болатбек Абдрасилов. 

Ал «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басқарма кеңсесінің басшысы Арман Евниевтың сөзіне сүйенсек, жоба жастарға әлеуметтік-иновацияларды табудың жолын ашып береді. Әділ қазылар таңдап алған 64 жоба «Хабар» арнасынан көрсетілетін интеллектуалдық шоуға қатыстырылады.

Сондай-ақ, баспасөз мәслихаты барысында «SUCCESS K» стратегиялық коммуникациялар агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзова жобаның ерекшелігін атап өтті.

«Әріптестерім айтқандай, бұл әлеуметтік жоба ғана емес, мұнда кез келген жас қазақстандық үшін өз арманын іске асыруға мүмкіндік туып отыр. Қатысушының жобасы қоғамға маңызды болуы керек. Екіншіден, жұртты ерекше қызықтыра білуі тиіс. Үшіншіден, оның қаржылық әлеуеті мен тұрақтылығына баса маңыз беріледі. Жастар айналасын бағамдап, стандартты мәселелерді қалайша қарапайым жолмен шешуді білуі тиіс», - дейді Ләззат Көккөзова.

Конкурсқа өтінімдерді www.meninarmanym.kz сайты арқылы жолдауға болады.

                                                               Аян Өрібай

Соңғы жаңалықтар