Қазақстанда жаңа 60-қа жуық мамандық пайда болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда 50-ге жуық ескі мамандық бойынша оқыту тоқтатылды және бұрын-соңды болмаған 60-қа жуық мамандық ашылған. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кадр даярлау бойынша ең басты мәселе – берілген білімнің нарық талабына сәйкес болуы. Оның басты шарты – академиялық дербестік. Мұның алдында қандай пәннің неше сағат оқытылатыны және олардың мазмұны министрлік арқылы, яғни мемлекет арқылы реттелетін. Ал нарық талаптары тез өзгеріп отырады, сондықтан жүйе ескіріп, білім беру бағдарламалары сәйкес келмейтін, жаңа мамандық ашу үшін 1-2 жыл кететін болды. Енді университеттерге академиялық дербестік беріліп, олар білім беру бағдарламаларын кәсіби стандарттарға сәйкес әзірлейді. Яғни, енді мемлекет емес, оқу орны жұмыс берушілермен бірлесе отырып, оқу бағдарламаларын реттеуге мүмкіндік алды», - деді Білім министрі Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Оның айтуынша, ендігі проблема – нарыққа қандай дағдылар қажеттігін анықтайтын кәсіби стандарттардың жетіспейтінінде. Колледждерге де академиялық дербестік беріліп жатыр. Бұған дейін студенттер 2-4 жылға дейін ұзақ оқитын, жұмыс берушінің талаптары ескерілмеді, мектепте оқыған пәндер қайталанып, бір ғана біліктілік алып шығатын. Енді колледждерге кәсіптік стандарттар негізінде оқыту бағдарламасын дербес әзірлеп, оқу мерзімдерін өздері айқындай алады және түлек үш біліктілікке дейін алып шығады.

«Ескірген мамандықтар жойылып, жаңа мамандықтар ашылып жатыр. Мысалы 50-ге жуық ескі мамандық бойынша біз оқытуды тоқтаттық және тиісінше 60-қа жуық бұрын-соңды оқытылмаған мамандықтар ашылған. Сапаны қамтамасыз етудің тағы бір шарты – білім беру бағдарламаларын жаңарту. Дайын болған кәсіби стандарттар бойынша университеттерде 4 мыңнан астам бағдарлама жаңартылды. Бұрын болмаған жасанды интеллект, IT-медицина, цифрлық заңгер сияқты 269 жаңа бағдарлама енгізілді. Бұлар «Жаңа болашақ мамандықтар атласына» сәйкес ашылып отыр», - деді Асхат Аймағамбетов.

Айта кетейік, келесі оқу жылы үшін жоғары оқу орындарына 73 мың, колледждерге 31 мың грант бөлінеді.


Соңғы жаңалықтар