Қазақстанда зең ауруларына қарсы отандық препарат шықты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда зең ауруларына қарсы отандық препарат шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл туралы Алматыда өткен баспасөз мәслихаты барысында белгілі болды.

Жоба авторы ҚР БҒМ Ғылым комитеті Микробиология және вирусология институтының бас директоры Амангелді Саданов.
Дәрі өндірісі 20 жылға созылған.
«Соңғы үш жылда дәрігерлер командасы дәрінің тиімділігін дәлелдейтін мәліметтер базасы жасалды. Клиникалық сынақтың екі фазасы Алматыдағы Ғылыми зерттеу институтында өтті. Үшінші фаза қалалық және облыстық тері және жыныс жолдары диспансері базасында өтті. Соңғы сынақ кезінде «Клотримазол» препаратымен салыстырғанда қазақстандық препарат «Розеофунгин» 20 пайызға тиімдірек болып шықты. Пайдаланған 1 000 адам 99,7%-ы тері зеңінен құтылды», - деді облыстық тері және жыныс аурулары диспансерінің дерматолог дәрігері Айжан Итемирова.
Дәрінің бір сықпасы 2 000 теңге тұрады. Бұл шетелдік балама өнімдерден анағұрлым арзан дейді мамандар.
«Жақпа май дененің сыртына қолданылады. Негізгі әсер етуші компонент - Розеофунгин полиен антибиотигі, көмекші компонент - полиетиленглюколь. Полиен антибиотигіне адам ағзасы баяу үйренеді, яғни бұл препарат тиімді болады деген сөз», - деді институттың антибиотиктер зертханасының меңгерушісі Ася Балғымбаева.
Бұл препарат институттың зертханасында жасалып жатыр. Жақында өндіріске шығарылады.
«Дистрибьюторлардан ұсыныс түсіп жатыр. Бірақ әзірге өзіміз шығара аламыз. Зауыттың қуаттылығы жылына 10-15 мың тюбик дәрі шығаруға көмектеседі. Келесі жылға көлемді ұлғайтуға тырысамыз. Розеофунгин - тіркелген тауарлық белгі. ДСҰ патенты мен ҚР ДСМ Фармация комитетінің тіркеуі бар», - деді А. Саданов.

Соңғы жаңалықтар