Қазақстанда ықтимал өрт ошақтарын әуеден патрульдеу маусымы басталды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Үкімет отырысында ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин елдегі ықтимал өрт ошақтарын әуеден патрульдеу маусымы басталғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өртке қарсы қызмет өкілдері шаруа қожалықтарын аралауды қайта бастады. Соның барысында қызметкерлер мен басшыларға нұсқау беріп, алғашқы өрт сөндіру құралдарының бар-жоғын тексереді, ұсынымдары бар арнайы жадынамалар таратады.

Мамыр айының соңына дейін министрліктің өрт инспекциясы Экология министрлігіне бағынысты Ұлттық парктерді, табиғи қорықтарды тексеруді аяқтайды.

Ормандар мен далалардың тұтану ошақтарын дер кезінде анықтау үшін тұрақты авиациялық патрульдеу басталды», - деді министр.

Ведомство басшысының мәліметі бойынша, Қызылорда және Түркістан облыстарынан басқа өңірлердің бәрі «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-мен өрт тәуекелі бар аймақтарды ғарыштан мониторингілеу қызметтерін алу туралы келісімшарттар жасалған.

«Шекара маңындағы аумақтардағы өзара іс-қимыл мәселелерін пысықтау үшін Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелерімен 8 шектес өңірдің өрт-тактикалық оқу-жаттығуларын өткізу жоспарланған», - деді Юрий Ильин.

Министрдің мәліметі бойынша, биыл ірі өрт ошақтарын ауыздықтауға 39 мың адамдық қосымша топ әзірленіп отыр.



Соңғы жаңалықтар