Қазақстанда Ядролық сынақтардың тоқтағанына 29 жыл толды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін – Ядролық сынақтарға қарсы Халықаралық іс-қимыл күні, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

1991 жылы 29 тамызда Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылды. Ал 2009 жылы Қазақстан БҰҰ Бас Ассамблеясының Бірінші комитетіне 29 тамызды Бүкіләлемдік ядролық қарудан бас тарту күні деп жариялауды ұсынды.

Қырық жыл бойы қазақ даласын улап келген Семей полигондағы алғашқы ядролық жарылыс 1949 жылғы 29 тамызда, соңғысы 1989 жылғы 19 қазанда жүргізілген болатын. СССР заманында бұл аумақ аса маңызды стратегиялық нысанның бірі болды. Атом бомбаларын сынақтан өткізу үшін Қазақстан аумағынан 18 млн га жер бөлініп, алғашында халық пен табиғатқа тікелей зардабын тигізген, ашық сынақтар жасалды. Кейін сынақтар жер астында жасала бастады. Салдарынан сол маңда тұратын 500 мыңдай адам тікелей зардап шекті. Өйткені тәжірибелік алаңдарда 456 ядролық және термоядролық жарылыс жасалды.

1989 жылдың ақпанында танымал ақын және саяси қайраткер Олжас Сүлейменов бастаған «Невада - Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының алғашқы митингі өтті. Осыдан кейін ядролық сынақтың қатері туралы барлық бұқаралық ақпарат құралдары ашық ақпарат тарата бастады. Ал Қазақстан Республикасының егемендігі туралы Декларацияда ел аумағы ядросыз аймақ деп жарияланды. Осылайша, 1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигоны жабылып, 1992 жылдың мамырында Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталық құрылды.

Бүгінгі әлемде Қазақстан жаһандық антиядролық қозғалыстағы көшбасшылық орнын сақтап келеді. Қазақстан бастамасымен мәні барлық адамдарды ядролық қаруға жаппай тыйым салу жолындағы күреске жұмылдыру болып саналатын АТОМ (Abolish Testing. Our Mission) жобасы жүзеге асырылуда.

Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың 12 қарашасында Astana Club пленарлық отырысында ядросыз әлем үшін жаһандық көшбасшылар альянсын құруды ұсынды.

«БҰҰ сессияларының бірінде «Әлем және ХХІ ғасыр» манифесімде соғыс пен ядролық қарудан түбегейлі бас тартып, Тұрақты әлем географиясын қалыптастыру қажеттігін айтқан едім. Жаппай қырып-жою қаруын таратпау халықаралық жүйесі негіздерінің жоғалуынан және Иран мен Корея халықтық демократиялық республикасының ядролық бағдарламаларының шиеленісуінен бұл мәселе өзектілене түсті. Әлемде ядролық қарусыздандыру мен таратпауды насихаттайтын беделді жаһандық платформа құру қажеттігі артып келеді. Осыған байланысты, Ядросыз әлем үшін жаһандық көшбасшылар альянсын құру бастамасын көтеру қажет деп есептеймін», - деді Елбасы.


Соңғы жаңалықтар