Қазақстанда «Вкусно - и точка» тауар белгісі тіркелуі мүмкін

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде «Вкусно - и точка» тауар белгісін тіркеу өтініші қаралып жатыр. Аталған ақпаратты ҚР Әділет министрлігінің баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасының тауар белгілерінің мемлекеттік тізілімінде «Вкусно - и точка» деген тауар белгісі тіркелмеген. Алайда, сараптамалық ұйымның қарауында «Система ПБО» жауапкершілігі шектеулі қоғамдығы атынан түскен «Вкусно - и точка» тауар белгісін тіркеуге қатысты өтінім бар», - деп хабарлады аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.

Министрліктен хабарлағандай, «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК сараптау ұйымының өнеркәсіптік меншік объектілерінің мемлекеттік тізілімдері www.kazpatent.kz сайтында қолжетімді. Түскен өтінімдер және тіркелген өнеркәсіптік меншік объектілерімен танысу мүмкіндігі бар.

Сондай-ақ өткен жылы өтінім берілгеннен кейін бір айдың ішінде аталған тауар белгісін тіркеуге қарсылық білдіруге мүмкіндік беретін «оппозициялық» жүйе енгізілгені атап өтілді.

Қарсылық білдіргісі келетіндер санына қатысты шектеу жоқ. Бұл ұқсас сауда белгілерінің иелері немесе тауарлық белгіні тіркеу олардың құқықтарын бұзады деп санайтын компаниялар болуы мүмкін.

Айта кетсек, «Вкусно - и точка» тауар белгісі Ресейде McDonald's желісі жабылғаннан кейін ашылған фаст-фуд мейрамханалар желісі. Алғаш мейрамхана былтыр 12 маусымда ашылды.

Еске салсақ, 5 қаңтарда McDonald's компаниясының Қазақстандағы қызметі тоқтатылатыны хабарланды.


Фото: vkusnoitochka.ru

Соңғы жаңалықтар