Қазақстанда вирустық инфекцияларға қарсы препараттарды дайындауға қанша қаржы бөлінген

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет басшысы Асқар Мамин COVID-19 қарсы өсімдік шикізатынан отандық тиімді дәрілік препараттарды жасауға қатысты депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үкімет жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия (ЖҒТК) отырысының 2021 жылғы 10 тамыздағы хаттамасымен Білім және ғылым министрлігінің 2021 – 2023 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жөніндегі конкурсы аясында COVID-19-ға қарсы өсімдік шикізатынан дәрілік препараттарды әзірлеу жөніндегі ғылыми-техникалық бағдарламаны (ҒТБ) қаржыландыру мақұлданды», - деп жазды А. Мамин депутаттық сауалға берген жауабында.

Осы орайда COVID-19 және ұқсас вирустық инфекцияларға қатысты вирусқа қарсы белсенділігі бар өсімдік шикізатынан алынған тиімділігі жоғары дәрілік заттарды әзірлеу ескерілген. 3 жылға 500 млн теңге қарастырылып отыр.

Сонымен қатар, «COVID-19 және тұмауға қатысты тиімді вирусқа қарсы белсенділігі бар бірегей отандық препараттарды әзірлеу» аясында 3 жылға 900 млн теңге сомасы жоспарланды.

ҒТБ іске асыру барысында алынған нәтижелер бойынша клиникаға дейінгі сынақтар мен клиникалық зерттеулер аясында зерттеулерді жалғастыру жоспарланып отыр.

«ҒТБ-ның әлеуметтік-экономикалық әсері жаппай вирустық инфекциялардан болатын сырқаттанушылық пен өлім-жітімді төмендетуге, елдің санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жаңа тиімді отандық дәрілік препараттар әзірлеуге негізделеді. ҒТБ-ның ғылыми әсері өсімдіктер мен микробтардан шыққан биологиялық белсенді қосылыстардың коронавирус пен тұмау вирустарына әсер ету механизмдері мен жолдары туралы жаңа білім алу болып отыр, бұл вирусқа қарсы жаңа тиімді препараттарды жасауға негіз болады. Бұл ҒТБ-лар Үкіметте өткен кеңесте егжей-тегжейлі қаралып, оның қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдарға олардың іске асырылу барысы, сондай-ақ олардың белгіленген мерзімде нәтижелілігі туралы тоқсан сайын ақпарат беруді қамтамасыз ету тапсырылды», - деді Премьер-Министр.

«Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі» АҚ мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптамадан өткен және Ұлттық ғылыми кеңес қаржыландыруға ұсыным берген «Бірегей дәрілік препараттар өндірісін дамытудың 2021 – 2023 жылдарға арналған жаңа технологиялары» ҒТБ-ны әзірледі.

«Бұдан басқа, бүгінгі таңда өсімдіктердің биологиялық әралуандығын қорғау мақсатында «Өсімдіктер дүниесі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өсімдіктер дүниесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңдарының жобалары әзірленді. Заң жобаларының реттеу саласы табиғи жағдайларда өсетін өсімдіктер дүниесі объектілерін, сондай-ақ олардың генетикалық қорын қайта өндіру және сақтау мақсатында өсінді жағдайларында ұсталатын жабайы өсетін өсімдіктерді қамтиды. Қазіргі уақытта заң жобалары Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауында. Тұтастай алғанда, COVID-19 қарсы өсімдік шикізатынан отандық тиімді дәрілік препараттарды жасау мәселелері Үкіметтің бақылауында және осы бағыттағы жұмыс жалғасуда», - деді А. Мамин.


Соңғы жаңалықтар