Қазақстанда ветеринария жүйесін реформалау қалай жүріп жатыр

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Отандық ветеринария саласын ауқымды реформа күтіп тұр. Бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігі аталған салаға қатысты проблемаларға талдау жасап, оны шешудің әдіс-тәсілдерін қарап жатыр. Бұл жайында ҚазАқпарат тілшісіне ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің бас сарапшысы Алтынбек Үркінбаев тарқатып айтып берді.

«Отандық агроөнеркәсіптік кешенде шешілуі тиіс күрделі мәселелер бар саланың бірі ветеринария. Аталған сала пәрменді жүйені құрып, реформалау және елдегі эпизоотиялық жағдайды тұрақтандыруды талап етеді. Қолданыстағы жүйенің іске асып жатқанына қармастан бірқатар кемшіл тұстары бар. Ветеринария саласындағы проблемаларға Мемлекет басшысы Жолдауында назар аударды. Осы орайда біздің министрлік ветеринария саласының қазіргі жағдайына кешенді талдау жүргізіп, бірқатар өзекті проблемаларды анықтады», - дейді Алтынбек Үркінбаев.

Сарапшының айтуынша, ветеринария саласына қатысты мәселелерді шешу үшін ауыл шаруашылығы министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың функционалдық міндеттері мен өкілеттіктерін қайта қарау қажет.

«Ветеринария саласын цифрландыру, деректерді жинау мен қызметті автоматтандыру жұмысы қолға алынады. Сол сияқты үй жануарлары сырғаларын сканерлеуді жеделдету үшін арнайы мобильді қосымша әзірлеу жоспарлап отыр. Қосымшаның көмегімен жануардың жеке нөмірін теру арқылы оған қатысты мәліметтермен (жануардың карточкасы) танысуға болады. Және ветеринариялық іс-шаралар жоспары да сол жерде орналастырылады. Әзірленетін мобильді қосымшаның басты артықшылығы интернетсіз де жұмыс істейді. Ал интернет пайда болған кезде қосымша деректерді автоматты түрде алу мүмкіндігі туады», - дейді ол.

Сондай-ақ, министрлік өкілі ветеринариялық препараттарды қолданудың жаңа ақпараттық жүйесі әзірленіп жатқанын жеткізді.

«Әзірленіп жатқан ақпараттық жүйеде орны ауыстырылатын, тасымалданатын объектілердің экспортына, импортына және транзитіне ветеринариялық анықтама, сертификат пен рұқсат беруге қатысты «Бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесінің» функциясын кеңейту жоспарлануда. Сонымен қатар жаңа ақпараттық жүйеде ветеринария саласындағы есептілік, мемлекеттік бақылау мен қадағалау, ветеринариялық іс-шаралар жоспарын әзірлеу процесі автоматтандырылады», - деді А. Үркінбаев.

Одан бөлек, сарапшы ветеринариялық препараттардың деректер базасы құрылатыны туралы тілге тиек етті.


Соңғы жаңалықтар