Қазақстанда ветеринар дәрігерлер өзіне тән емес функциялардан босатылады
2021 жылғы 23 желтоқсан 16:58

Қазақстанда ветеринар дәрігерлер өзіне тән емес функциялардан босатылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ветеринария жүйесіндегі барлық бақылау-қадағалау функциялары бір ведомствода шоғырланады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бірінші мәселе – ол ветеринария жүйесін реформалау. Бүгінгі таңда біз осы жүйенің қазіргі ахуалын мұқият талдадық, проблемалық мәселелер мен олардың пайда болу себептерін анықтадық. Осының негізінде оларды шешу тәсілдемелері әзірленді. Атап айтқанда, енді ветеринария жүйесіндегі барлық бақылау-қадағалау функциялары бір ведомствода, атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық қадағалау және бақылау комитетінде шоғырландырылатын болады. Жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметтері тек атқарушылық функцияларды орындайды. Осындай ұсынысты тиісті реформа жобасында енгізіп отырмыз. Екіншіден, келесі жылдан бастап практикалық ветеринариялық дәрігерлердің жалақысы орта есеппен 68%-ға өседі», - деді Е. Қарашөкеев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, ветеринариялық дәрігерлер өзіне тән емес функциялардан (қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау) босатылып, өздерінің функционалдық міндеттерін орындау үшін ветеринариялық заңнаманы бұзушыларды жауапкершілікке тарту секілді қосымша өкілеттіктер алады.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT