Қазақстанда ветеринар дәрігерлер қанша жалақы алады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Былтыр ветеринар дәрігерлердің жалақысы 50% артты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша, ветеринар дәрігерлердің жалақысы былтыр республика бойынша 2021 жылға қарағанда 50% артты. Биыл жоғары білімі бар ветеринар дәрігерлердің жалақысы 145 мың теңгеден, 282 мың теңге аралығын құрайды. Осы орайда айта кеткім келеді, 145 мың және 151 мың теңге көлеміндегі жалақы тек Шымкент қаласы мен Қызылорда облысында ғана. Еліміздің 12 өңірінде жалақы 200 мың теңгеден жоғары. Ал 6 өңірде ветеринарлар 170-200 мың теңге аралығында еңбекақы алады», – деді Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Асқар Жақыпбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Одан әрі комитет басшысы биологиялық агенттермен жұмыс істегені үшін ветеринарлардың жалақысына 35 немесе 50 пайыз үстемақы төленетінін айтты.

«Жалақыны көтеруде ветеринар дәрігерлердің біліктілік санаты ескеріледі. Сонымен қатар заң аясында «Қазақстанның ветеринария саласына еңбек сіңірген маман» мемлекеттік наградасы және «Ветеринария саласындағы үздік маман» атағы болады», - дейді АШМ өкілі.

Айта кетсек, Қазақстанда ветеринар дәрігерлердің мәртебесін заңмен бекіту жоспарлануда.


Соңғы жаңалықтар