Қазақстанда ведомствоға бағынышты ұйымдарды оңтайландыру жүреді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары-Қаржы министрі Әлихан Смайылов республикалық бюджеттің шығыстарын қай бағыттар бойынша қысқарту жоспарланып отырғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде 2020-2022 жылдарға арналған үш жылдық бюджетті қалыптастыруға кірісіп жатырмыз. Сондықтан біздің алдымызда шығындарды оңтайландыру мен әр теңгенің тиімділігін арттыру бойынша мақсат тұр. Осыған байланысты «Атамекен» ҰКП-ның, мүдделі меморгандардың, қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен арнайы үш жұмыс тобын құрдық. Бірінші бағыт мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау шараларын қарастыруға негізделген», - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары баспасөз мәслихатында.

Ә. Смайылов елімізде 14 мемлекеттік бағдарлама бар екенін, оларға 2,3 трлн теңге бөлінетінін еске салды.

«Біз әрбір мембағдарлама аясында мемлекеттік қолдау шаралары қаншалықты тиімді әрі нәтижелі екенін көруіміз керек. Осы орайда тиімділігі төмендері бойынша шығыстарды қысқартып, оларды тиімділігі жоғары бағыттарға бұру іске асырылады», - деді ол.

Сонымен қатар, келесі бағыт ведомстволық бағынышты ұйымдарды қайта қарастыруға байланысты. Елімізде 6200-ден астам ведомстволық бағынышты ұйымдар бар болса, оның ішінде 320-ға жуығы республикалық деңгейде. Оларға жыл сайын 400 млрд теңгеден астам бөлінеді.

«Осы орайда ведомствоға бағынышты ұйымдардың қай бөлігін жеке секторға беруге болатындығын немесе біріктіру жолымен қайта құруды, сондай-ақ тиімсіз шығыстарды қысқарту үшін олардың қайсысының жұмысын тоқтатуды пысықтауымыз керек», - деп түсіндірді министр.

Үшінші бағыт инвестициялық жобаларға негізделген, оларға бюджетте 1 трлн теңгеге дейін қаржы жұмысалады. Осы орайда жол, мектеп, аурухана, әлеуметтік нысандардың құрылысы ескерілген. Бұл тұрғыда типтік жобалық-сметалық құжатнаманы пайдалануды тыңғылықты пысықтау қажеттігі бар.

«Әр жоба сайын жаңадан жобалық-сметалық құжатнаманы әзірлемеу ескерілуде, себебі бұл шаралар шығынды болып саналады. Қазіргі кезде барлық әкімшілерді типтік жобалық-сметалық құжатнаманы пайдалануы тұрғысында міндеттеу бойынша заңнаманы қарап жатырмыз», - деді Әлихан Смайылов.

Соңғы жаңалықтар