Қазақстанда ұялы байланыс операторлары 4G жиілігі үшін мемлекетке 78 млрд. теңге төлейді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда ұялы байланыс операторлары 4G жиілігі үшін мемлекетке 78 млрд. теңге төлейді. Бұл туралы бүгін «Кселл» АҚ 4G/LTE желісін іске қосуға арналған баспасөз мәслихаты барысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Сәкен Сәрсенов мәлімдеді.

«Өткен жылы желтоқсан айында біз жиілік бөлу туралы шешім қабылдаған едік. Бұл Қазақстан үшін технология тұрғысынан да, қаржы тұрғысынан да өте тиімді.  Біз бұл жиіліктерді өте тиімді бағамен саттық. Енді еліміздегі ұялы байланыс компаниялары жыл соңына дейін республикалық бюджетке 78 млрд. теңге төлеулері керек. Бұл соманың 32 млрд. теңгесі қазір төленіп қойылды», - деді С. Сәрсенов.

Сонымен қатар, ол ұялы байланыс операторларының 2020 жылға дейін елімізде 500 адамнан көп тұратын елдімекендердің барлығын қамтулары керектігін айтты.

«Бұл министрлік үшін айтулы уақиға. Өйткені, Қазақстан азаматтарының үштен екісі осы аталмыш компанияның клиенттері», - деді ол.

Ал, «Кселл» АҚ мамандарының айтуынша, 4G/LTE желісінің арқасында деректерді секундына 100 Мбит көлемінде беруге болады.   
Компания 2016 жылдың соңына дейін Қазақстан халқының 30 пайызын осы желімен қамтуды жоспарлап отыр. 

Соңғы жаңалықтар