Қазақстанда ұсталған қырғыз депутаты 10 жылға сотталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында арнайы операция барысында ұсталған Қырғызстан Жогорку Кенешінің бұрынғы депутаты Дамирбек Асылбекұлына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дамирбек Асылбекұлымен бірге тағы 11 адамға экономикалық контрабанда жасады деген айып тағылған болатын.

Судья Бақытхан Бәкірбаев Дамирбек Асылбекуулын ҚР ҚК 264-бабының 1-бөлігі, 234-бабының 3-бөлігі бойынша айыпты деп тауып, 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сонымен қатар, оның алдағы 5 жыл Қазақстан шекарасынан өтуіне тыйым салынды.

Еске салайық, ағымдағы жылдың ақпан айында ҚР Бас прокуратурасы, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында арнайы операция өткізіп, 30-дан астам адамды ұстаған.

Олардың арасында кеден органы, шекара қызметінің лауазымды тұлғалары, брокерлер, делдалдар, сондай-ақ ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері бар. Үшеуі - Қырғызстан азаматы. Оның бірі - Қырғызстан Жогорку Кенешінің депутаты Дамирбек Асылбекұлы болатын. Кейін анықталғандай, Дамирбек Асылбекұлының Қазақстан азаматтығы бар.

Бұл ретте сотталушының өзі Қырғызстан азаматы екенін атап өтуде. Оны қамауда ұстау мерзімі бұған дейін 8 айға созылған болатын.

Мәлім болғандай, ұйымдасқан трансұлттық топ 2017 жылғы 1 желтоқсаннан 2018 жылғы 15 ақпанға дейін ірі және аса ірі көлемдегі халық тұтынатын тауарларды (жалпы құны 407 558 653 теңге) контрабанда жолымен ҚХР-дан Қырғызстан арқылы Қазақстан Республикасына бірнеше мәрте жеткізген. Салдарынан ЕАЭО бюджетіне 99 015 094,2 теңге сомасында кедендік баж салықтары мен міндетті төлемдер түспей қалған. Осы арқылы ЕАЭО-ға қатысушы елдерге аса ірі сомада экономикалық залал келді. Іс материалдарына қарағанда, қылмыстық топқа басшылық жасаған Дамирбек Асылбекұлы оның мүшелерінің әрбіріне нақты тапсырмалар беріп отырған.

Соңғы жаңалықтар