Қазақстанда үш облыс толығымен цифрлық телехабар таратуға көшті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда аналогты телехабар таратуды өшіру және цифрлық эфирлік телехабар таратуға көшу бекітілген кесте бойынша жүріп жатыр. Бұл туралы «Қазтелерадио» АҚ басқарма төрағасы Искандер Тәжібеков мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Қазақстандағы телерадио хабарларын тарату саласындағы ұлттық оператордың басшысы 2018 жылдың қорытындылады.

«Өздеріңіз білетіндей 2018 жылдың қорытындысы бойынша Маңғыстау, Жамбыл және Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында 100%  аналогты хабар тарату өшіріліп, ЦЭТХТ-ға көшірілді. Аталған облыстарда цифрлық эфирлік хабар таратуға сәтті көшу мақсатында 144 радиотелевизиялық станса: Маңғыстау облысында - 21, Түркістан облысы мен Шымкент қаласында - 80 және Жамбыл облысында 43 станса салынды және жаңартылды. РТС-тардың бұл саны мемлекеттің 1 304 елді мекенін цифрлық эфирлік хабар таратумен қамтуға мүмкіндік берді. Осы өңірлердің 99,8% -ы ЦЭТХТ-мен қамту аймағына кіретінін айта кетейін»,- деді Искандер Тәжібеков.

Сондай-ақ, Искандер Тәжібеков аналогты хабар тарату өшірілген үш облыста цифрлық эфирлік телехабар таратумен қамтылмаған 40 елді мекен қалғанын жеткізді. Сонымен қатар оларға сапалы телевизия қолжетімді екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл ауыл тұрғындарын ұлттық операторының «OTAU TV» жерсеріктік телевизиясына қосу бойынша жұмыстар жүргізілген. 

«Бүгінгі күні үш облыста ЦЭТХТ-мен қамту аймағына кірмейтін 40 елді мекен тіркелген.  Атап айтқанда, Маңғыстау облысында 14, Жамбыл облысында 6 және Түркістан облысында 20 елді мекен бар. Үш облыстан 2 700-ге жуық үй шаруашылығы цифрлық эфирлік хабар тарату аймағынан тыс қалуда,олардың әрқайсысы ұлттық оператордың «OTAU TV» жерсеріктік телевизиясына қосылған», - деп мәлімдеді Искандер Тәжібеков.

«Қазтелерадио» АҚ басқарма төрағасының айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларды цифрлық қабылдағыштармен қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Искандер Тәжібековтің мәліметінше, үш облыста ЦЭТХТ-ға көшу және аналогты хабар таратуды өшіру аясында, 40 мыңға жуық отбасы цифрлық қабылдағыштарды тегін алған.

«Цифрлық эфирлік хабар таратуды енгізу жөніндегі жобаны іске асыруда, облыстық және аудандық әкімдіктермен бірлесіп атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларды цифрлық  қабылдағыштармен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілді. Атқарылған жұмыс қорытындысы бойынша Маңғыстау облысында 1 900 қабылдағыш, Жамбыл облысында 8 975 қабылдағыш, Түркістан облысында 27 509 және Шымкент қаласында 1 125 қабылдағыш абоненттерге берілді», - деп атап өтті Искандер Тәжібеков.

ЦЭТХТ-ға көшу жобасы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқанын естеріңізге сала кетейік. 2019 жылы Алматы, Павлодар және Қостанай облыстарында цифрлық эфирлік хабар таратуға толық көшуді жүзеге асыру жоспарланып отыр.  Ал 2020 жылдың соңына дейін Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Атырау, Қызылорда облыстарында аналогты хабар тарату өшіріледі. Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе облыстары, Астана және Алматы қалалары жаңа форматқа 2021 жылы көшеді.

Соңғы жаңалықтар