Қазақстанда Ұлттық тұтынушылар қауымдастығын құру ұсынылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов тұтынушылар құқығын қорғау бойынша жаңа бастамалар ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстандағы тұтынушылар құқығын қорғау жүйесін жаңа деңгейге көтеретін бірқатар жаңа бастамаларды қарауды ұсынамыз. Біріншіден, тұтынушылардың барлық қоғамдық ұйымдарын біріктіретін өңірлерде кең таралған өкілдіктері бар Ұлттық тұтынушылар қауымдастығын құру мүмкіндігін қарастыру. Екіншіден, үкіметтік емес ұйымдардың негізінде омбудсмен институтын құру. Үшіншіден, нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу кезінде тұтынушылар мүдделеріне қатысты реттеушілік әсерді талдау және уәкілетті органмен келісу міндеттілігін енгізу», - деді министр Үкімет отырысында.

Төртінші бастама ретінде министр тұтынушылар құқығын қорғау саласындағы қоғамдық бірлестіктерді министрліктер мен әкімдіктер жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың құрамына қосуды ұсынды.

«Бесіншіден, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ квазимемлекеттік ұйымдардың қызметтерін бағалау көрсеткіштеріне (KPI) тұтынушылар тарапынан қанағаттану мен олардың жұмыстарына сенім деңгейін енгізу. Алтыншыдан, тұтынушылардың мүдделері мен құқықтарын толығымен ескере отырып, мемлекеттік және жеке ұйымдар үшін Ерікті іскерлік ережелер мен үлгілік келісімшарттарға нормаларды қабылдау. Жетіншіден, тұтынушылар мен кәсіпкерлер үшін тұтынушылар құқығын қорғау құралдары туралы тегін онлайн дәрістер курстарын өткізу. Аталған бастамалар қолдау тапқан жағдайда қысқа мерзімде нормативтік құқықтық актілерге тиісті өзгерістер еңгізуге дайынбыз», - деді Бақыт Сұлтанов.

Бұған дейін Сауда және интеграция министрі тұтынушылар шағымын қарастырудың үш жаңа деңгейін түсіндіріп, шағымды сотқа жеткізбей шешу қажеттігін айтқан еді.

Сонымен бірге, ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Тұтынушылардың мүддесін қорғау бойынша бірқатар тапсырма берді.


Соңғы жаңалықтар