Қазақстанда ұлттық халық санағы келесі жылға шегерілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде ұлттық санақ жүргізу бір жыл кейінге қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат статистика комитетіне сілтеме жасап.

Комитеттің ресми сайтындағы мәліметке сенсек, Үкімет өткен жылы 19 маусымда 2020 жылы ұлттық санақ өткізу туралы қаулы шығарған. Оған сәйкес, Қазақстан Республикасының ұлттық халық санағы биылғы 1-30 қазан аралығында өтуге тиіс еді.

«Елімізде коронавирус инфекциясының таралуы мен енгізілген карантин шараларына байланысты ұлттық халық санағын 2021 жылғы қазан айына ауыстыру жөнінде шешім қабылданды» деп мәлімдейді комитет.

Ұлттық халық санағын өткізу әдісі өзгеріссіз қалады.

Яғни 1-15 қазан аралығында мамандандырылған

    sanaq.gov.kz
сайтында интернет-сауалнама жүргізіледі, ал 1-30 қазан аралығында мәліметтерді жинау үшін интервьюерлер жауапты планшетте тіркей отырып, халыққа жаппай сауалнама жүргізеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов індетке байланысты халық санағы келесі жылға шегерілуі мүмкін екенін хабарлаған болатын.

«Жалпы Қазақстанда халық санағын 2020 жылдың 1 қазанынан бастап жүргізу жоспарланған. Алайда халық санағын жүргізетін қызметкерлер халықпен жақын қарым-қатынаста еңбек ететіндіктен, коронавирус инфекциясы қаупінің алдын алу мақсатында Ұлттық экономика министрлігі Үкіметке санақты келесі жылға шегеруді ұсынды. Мұндағы негізгі себеп – халықтың және халық санағын жүргізетін персоналдың амандығы. Біз тиісті шешімді күтіп отырмыз», - деген еді министр баспасөз мәслихатында.


Соңғы жаңалықтар