Қазақстанда ҮЕҰ-лардың басым бөлігі қоғам алдында есеп беруден жалтарады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда жұмыс жасап отырған үкіметтік емес ұйымдардың басым бөлігі өздерінің қызметі туралы қоғам алдында жауап бергісі келмейді.

Бұл туралы «Сандж» ғылыми зерттеу орталығының жоба жетекшісі Айнагүл Шәріпбаева хабарлады.

Маманның айтуынша, елімізде жұмыс істеп отырған 30 мың ҮЕҰ ішінен 200-ге жуық ұйымдарға қоғам алдында есеп беру жайлы ұсыныс жіберілген.

«Олардың ішінде 100-ге тарта ұйым ғана өзінің қызметін жариялауға дайындығын жеткізді. Қалғаны мұндай ашықтықтан бас тартты. Олардың кейбірі тек қаржыландырушы мен мемлекетке ғана есеп беру жететіндігін алға тартса, кейбірі қоғам тарапынан сұраныстың жоқтығын айтып жалтарған. Біздің зерттеуімізден белгілі болғандай, сұралған ұйымдардың 61%-ы есеп берудің басты артықшылығы ақпараттандыруда десе, 52%-ы ҮЕҰ жұмысының шынайылығын көрсетіп, беделін жақсартады деп есептейді. Есеп берушіліктің ҮЕҰ үшін қор жинауға көмектесетіндігі, кері байланыс пен бенефициарлардың ҮЕҰ жұмысына қатысуының құралы қызметін атқаратындығын да айта кету керек», - деді Айнагүл Шәріпбаева.

«Қазақстандағы ҮЕҰ есеп берушілігінің қағидалары мен механизмдерін дамыту» жобасы БҰҰ Демократия қорының қаржылық қолдауымен жүзеге асты.

Зерттеу жұмысының бастамашысы «Орталық Азияның Еуразия қоры» ҚҚ (ОАЕҚ) жоба соңына қарай 12 белсенді ҮЕҰ-ларды іріктеп алып, оларды өз жұмысын қадағалауға, қоғам алдында ашық болуға үйретпек.

«Жоба 2015 жылдың қаңтарында аяқталады. Іріктелген 12 ұйым негізінде стратегиялық жоспарлар жасалып, 1500 доллар көлемінде шағын гранттар бөлінеді. Осы қаржыға ҮЕҰ есеп берудің белгілі бір тәсілдерін жүзеге асыра алады.Сонымен қатар, қорытынды мәслихатта біз есеп беру туралы оқу құралын шығаратын боламыз. Осы арқылы өзге ҮЕҰ-лар халық алдында ашықтығын қамтамасыз етеді», - деді ОАЕҚ жоба менеджері ГауҺар Нұрша.

Соңғы жаңалықтар