Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының саны өсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары 50% пайызға өсті. Бұл туралы ҚазАқпарат Қазақстандағы БҰҰ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Коронавирустың жаңа түрінің жаһандық таралуына дейін де статистика мәліметтері бүкіл әлемдегі әйелдердің үштен бір бөлігі өз өмірлерінде қандайда бір зорлық-зомбылықты басынан кешіргенін көрсетуде. Карантиндік режим күшейген тұста тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өсуі байқалды. Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған жедел телефон желілерінің бірінде 2020 жылы сәуір айының бірінші жартысында осы жылдың ақпан айымен салыстырғанда шағымдар саны 50% артқаны туралы айтылды. Ал бойжеткендердің 50%-ы отбасыда зорлық түріндегі тәрбие көрсе, оның ішінде 21%-ы дене жарақатын алады, 45%-ы психологиялық агрессия мен зорлық-зомбылықты басынан кешіреді. Оған қоса қауіп-қатерге душар болған әйелдерге қолдау көрсету қызметтері шектеліп, жабылуда. Вирус жұқтыру қаупі және қозғалыс шектеулері салдарынан арнайы әлеуметтік орталықтар жаңа келушілерлі қабылдай алмайды», - делінген БҰҰ таратқан хабарламада.

Пандемия кезінде гендерлік теңсіздік айқындала түсуде.

«Жедел сараптама көрсеткендей, сауалнамаға қатысқан адамдардың төрттен үш бөлігінде полицияға, психологиялық-әлеуметтік қызметтерге, медициналық немесе басқа мекемелердің көмегіне жүгіну мүмкіндігі жоқ. Осындай адамдарға көмектесу үшін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Біріккен Ұлттар Ұйымының Халық қорының қолдауымен коронавирустан қалай қорғауға болатындығы, үйден шығу немесе оралған кезде не істеу керек және зорлыққа тап болған кезде қайда көмекке жүгіну керектігіне қатысты бейнероликтер дайындады», - дейді Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Халық қорының өкілі Джулия Валезе.

Биыл сәуір айында «БҰҰ Әйелдер» құрылымы Орталық Азиядағы азаматтық қоғам ұйымдарымен COVID-19 бойынша ұсыныстар мен шешімдер енгізу үшін кеңес өткізді. Нәтижесінде Қазақстандағы «БҰҰ Әйелдер» құрылымы мен

Біріккен Ұлттар Ұйымының Халық қоры дайындаған төтенше жағдайдағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу және оған қарсы іс-қимылға қатысты заңнамалық және нормативтік стандарттарға өзгертулер енгізу бойынша бірқатар тәжірибелік ұсыныстар енгізілді.


Соңғы жаңалықтар