Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының 46%-ы ерлер

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайтындардың 54 пайызы нәзік жандар. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма басшысы Әсет Оспанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жартысынан көбісі мас күйде жасалады. Осы тұста айтып өтетін жайт, жазаны күшейту мәселені шешпейді. Біздің ойымызша, алдымен отбасының әлеуметтік-экономикалық мәселесін шешу керек. Екіншіден, насихаттау жұмысын жетілдіре түскен жөн. Оның ішінде ересектермен ғана емес балалармен де жұмыс істеу керек. Балалардан бастау керек. Себебі ешкім бұл өмірге қылмыскер болып келмейді. Ата-ана да баласының қылмыскер болғанын қаламайды», - деді Әсет Оспанов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, тұрмыстық жанжалдың себебі әртүрлі.

«Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының 54 пайызы әйелдер, қалғаны ер адамдар. Көбіне отбасылық жанжалдан туындайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық дегенде тек ерлі-зайыптылар арасындағы проблема ғана емес, әке мен бала арасындағы келіспеушілік немесе жанжал да жатады. Сол секілді бауырлардың арасында болуы да мүмкін. Осыған ұқсас жайттар тұрмыстық зорлық, күш көрсетуге жатады», - дейді ол.

Бұған дейін жыл басынан бері 2700-ден астам әйел дағдарыс орталығына жіберілгені айтылды.



Соңғы жаңалықтар