Қазақстанда түрмеде отырғандар саны туралы халықаралық ұйымдарға қате ақпарат беріліп отыр - Сенат Төрағасы

None
None
АСТАНА. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Еліміздің министрлігіндегі профильді комитеттер халықаралық ұйымдарға түрмеде отырғандар саны туралы қате ақпараттар беріп отыр.

Тиісті анықтамалар арқылы бұны түзету қажет. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты рақымшылық туралы заңын қабылдау барысында палата Төрағасы Қайрат Мәми осылай мәлім етті.

«Жақында ғана халықаралық түрме реформасы органы Қазақстанды түрмеде отырғандар саны жағынан 22 орынға қойыпты. Егер 90-жылдары біздің еліміз әлем елдері арасында АҚШ пен Ресейден кейінгі үшінші орында тұрса, бұл көрсеткіш әрине жетістік. Дегенмен де, халықаралық ұйымға Қазақстандағы бас бостандығынан айырылғандар саны 52 мың 600 адам болып есептеліп кеткен. Бұл дұрыс емес. Өйткені, Қазақстандағы бас бостандығынан айыру орындарында 45 мың адам ғана ұсталуда. Қалған 7 мыңы тергеу изоляторларында қамалғандар. Оларға әлі сот үкімі шыққан емес. Оның үстіне солардың бәрі бірдей бас бостандығынан айырылады деуге болмайды. Сондықтан да, халықаралық ұйымға Қазақстандағы сотталғандар санын 45 мың адам деп көрсету қажет еді. Ал ондай жағдайда біздің көрсеткішіміз 22-і емес, 40-41 орында болатын еді. Біз өзіміздің жағдайымызды өзіміз нашар көрсетіп тастаппыз», - деді Қайрат Мәми.

Осыған орай, ІІМ Қылмыстық-атқару комитетіне ескерту жасаған палата Төрағасы, алдағы уақытта осы мәселеге баса назар аудару қажеттігін алға тартты. «Халықаралық ұйымдардағы мәліметтерді өзгерту үшін қажетті анықтамаларды беру керек деп ойлаймын. Ал рақымшылықтан кейінгі кезеңде бас бостандығынан айырылған адамдардың саны одан сайын азая түседі. Ендеше, Қазақстанның көрсеткіш одан сайын жақсарады», - деді спикер.

Соңғы жаңалықтар