Қазақстанда Түркітілдес елдер жастарының саммиті өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл «Түркістан – түркі әлемінің бесігі» атты Түркітілдес елдің жастарының саммиті өткізілмек. Бұл туралы халыққа есеп беру кездесуінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жастар саясатын жүзеге асыру барысында шет мемлекеттермен өзара тәжірибе алмасу да үнемі назарда. Бұл ретте, биыл халықаралық деңгейде «Түркістан – түркі әлемінің бесігі» Түркітілдес елдер жастарының саммитін, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі» елдерінің жастар форумын өткізу жоспарда бар», - деді министр.

Сонымен қатар ол отбасы саясаты бағытында «2030 жылға дейін гендерлік және отбасылық саясат тұжырымдамасын іске асырудың іс-шаралар жоспарының» екінші кезеңі бекітілгендігін айтты. Тұжырымдама негізінен отбасы институтын нығайту, репродуктивті денсаулық күтімі, гендерлік теңдік, тұрмыстық зомбылықты болдырмау мәселелерін қамтиды.

«Оның ішінде тұрмыстық зомбылықпен күрес мәселесі өте өзекті. Өкінішке орай, былтырғы карантиндік оқшаулану кезінде тұрмыстық жанжал фактілері күрт өскені білінді. Ал бұл мәселемен айналысатын орталықтар еліміздегі тек ірі қалаларда ғана шоғырланған. Қазір ел аумағында тұрмыстық зомбылық құрбандарына арналған 65 дағдарыс орталығы жұмыс жасайды. Дегенмен бүгінде әрбір аудан және қалада осындай орталықтар ашу қолға алынуда. 2025 жылға дейін олардың санын 234-ке жеткізу көзделіп отыр», - деді Аида Балаева.


Соңғы жаңалықтар