Қазақстанда туризм туралы жаңа заң әзірленді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Туризм туралы заңнан бөлек, Елбасы тапсырмасына сәйкес туризмге қатысты мемлекеттік бағдарлама әзірлену үстінде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында туризмді дамыту бойынша жекелеген салалық мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Аталған бағдарлама бүгінде аяқталу сатысында тұр және алдағы 3-4 ай ішінде ол толықтай дайын болады. Одан бөлек, туризм бойынша заң жобасы әзірленді, ол алдағы жарты жыл ішінде Парламент қарауына ұсынылады», - дейді «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Рашид Күзембаев.

Оның айтуынша, аталған мемлекеттік бағдарлама 6 негізгі бағыттан тұрады. Және онда еліміздің туристік брендін ілгерілету стратегиясының негізгі ережелері көрсетілген.

«Ішкі туризмді ілгерілету стратегиясы үш кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңде мақсатты елдердің алғашқы екі тобын назарға ала отырып, ұлттық туристік бренд пен суббрендтерге басымдық беріледі. Екіншісінде туристік өнімдерге жасалатын жарнамаға көңіл бөлінеді. Ал үшінші кезеңде перспективалық нарықтармен жұмыс және мақсатты елдер санын кеңейтуге қатысты жасалатын жұмыс алға қойылады»,- деді ол.

Компания басшының мәліметінше, аталған екі құжат қабылданса, Қазақстан туризмінің әлем картасында жаңа туристік бағдар ретінде жүйелі дамуына жол ашылады.

Айта кетсек, өткен жылы Қазақстанға сырттан қанша турист келгені туралы хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар