Қазақстанда туризм саласында қанша жоба іске асырылып жатыр

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев туризм бағытындағы инвестициялық жобалар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бизнестің инвестициялық белсенділігі жанданды. Дестинациясы ең жоғары 10 өңірде 2019-2021 жылдары жалпы сомасы 395,5 млрд теңге болатын 276 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. 5 200 жаңа жұмыс орны құрылды. Өткен жылдың басынан бері жалпы сомасы 226 млрд теңге болатын 102 нысан іске қосылды. 2019-2021 жылдарда жүзеге асырылған ең ірі жобалардан: Түркістандағы «Керуен-Сарай» кешенін, «Rixos Turkistan» және «Hampton by Hilton» қонақ үйлерін, Ақтау қаласындағы «Rixos Water World Aktau» кешенін және «Tetys Blu» паркін, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Sheraton» қонақ үйін, Бурабай-Щучинск курорттық аймағындағы «Байтас» қонақ үйін, сондай-ақ, «Swissotel Almaty» және басқа да жобалар іске қосылды», - деді Д. Абаев.

Сонымен қатар ол инвестициясының жалпы көлемі 1,5 трлн теңгені құрайтын 145 жобаны жүзеге асыру жалғасып жатқанын, онда 7 мыңнан астам жұмыс орны құрылатындығын жеткізді.

«Оған қоса, бағалау сомасы 1,5 трлн теңгені құрайтын 46 инвестициялық жоба пысықталып жатыр. Мемлекеттік бағдарлама қабылданған сәттен бастап турдестинация инфрақұрылымының алғашқы ондығының жалпы қажеттілігінен 97 жобаны жүзеге асыруға түрлі бағдарламалар мен жоспарлар бойынша 140,4 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 2021 жылы 50 жобаға 63,5 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 47 инфрақұрылым жобасы аяқталды. Мысалы, былтыр Ақтау қаласындағы Жылы жағажайды игеру бағытында тіке автожолмен, электр қуатымен және сумен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілді. Сондай-ақ Алакөл көлінің оңтүстік бөлігіндегі жағалауды бекіту жұмыстарына, туристік маусымға дейін аяқталуы жоспарланған Үшарал және Үржар әуежайларын қалпына келтіру жұмыстарына да қаржы бөлінді», - деді министр.

Осы орайд ол туризм инфрақұрылымсыз дамымайтынын атап өтті. Сондықтан бөлінген қаражат 573,7 шақырым автожолды, 321,4 шақырым су тарту / кәріз желісін, 291,3 шақырым сумен жабдықтауды, 108,6 шақырым электр энергиясын беру желілерін және басқа да жобаларды жол-көліктік әрі инженерлік инфрақұрылым тұрғысынан дамытуға мүмкіндік береді.


Соңғы жаңалықтар