Қазақстанда туризм қалай жандандырылмақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова туризмді жандандыру бағытындағы нақты міндеттерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Пандемия жағдайында ішкі туризмнің қаншалықты сұранысқа ие болатынын көзіміз жетті. Бұл жағдайда дағдарысты проблема ретінде ғана емес, оны біз жаңа мүмкіндіктер ретінде қарастыруымыз керек. Мемлекеттің міндеті – туризм нысандарына қажетті инфрақұрылым дамыту және бизнес үшін қолайлы инвестициялық жағдайды қамтамасыз ету. Бұл бағытта бірқатар шаралар қабылданды», - деді Ақтоты Райымқұлова министрліктің алқа мәжілісінде.

Министрдің айтуныша туристік қоғам, жергілікті атқарушы органдар үшін өңірлердің географиялық және тарихи-мәдени ерекшеліктерін ескере отырып, жаңа ұлттық туристік өнімдерді әзірлеу маңызды міндеттердің біріне айналуы тиіс. Бұл туристік өнімдер ішкі ғана емес, шетелдік туристердің қызығушылығын арттыруға бағытталуы керек.

«Келесі маңызды міндеттердің бірі - туристік қызметтердің экспорты мен импорты арасындағы алшақтықты азайту. «Қазақтуризм» ұлттық компаниясы осы турөнімдердің агрегаторына айналуға тиіс», - деді ол.

Министрдің сөзінше, алдағы уақытта келесі міндеттерге қол жеткізу жоспарланып отыр:

1) жалпы инвестиция көлемі 1,1 трлн теңге және 22 мың жұмыс орнын құру;

2) жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, негізгі туристік дестинацияларда инженерлік инфрақұрылымды қаржыландыруды қамтамасыз ету;

3) ішкі туристердің 4,5 мың адамға дейін өсуін қамтамасыз ету (2020 жылға қарай+22% );

4) жаңа редакциядағы салалық заң қабылданғаннан кейін заңға тәуелді актілерді әзірлеу және бекіту;

5) Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, ұлттық парктерде туристік инфрақұрылымды дамыту мәселесін пысықтау;

6) E-Qonaq ақпараттық жүйесін енгізу;

7) Қазақстанның туристік әлеуетін ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да ілгерілету бойынша имидждік іс-шаралар өткізу.


Соңғы жаңалықтар