Қазақстанда туристік саладағы жобаларға 39 млрд теңге инвестиция тартылмақ

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Электронды үкімет порталында «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының даму стратегиясын бекіту туралы қаулының жобасы көпшілік талқылауына ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кейінгі бес жылда туризм саласы қарқынды түрде өркендеп, әлем экономикасында қарыштап дамыған салалардың біріне айналды. Қазіргі таңда туризм саласы мұнай операциясының, азық-түлік саудасы мен автокөлік саласының іскерлік көлемінен озып кеткен. Бірқатар мемлекет үшін туризм саласы негізгі кіріс көзі болып отыр.

Қазақстан Үкіметі ҚР туризм саласын дамыту туралы 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасы мен ҚР туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын қабылдаған. Маңызды құжаттарды қабылдаудағы мақсат – ішкі және сыртқы туризмді дамыту, аймақтық мәдени-туристік кешендерді өркендету, инвестиция салуға жігерлендіру, туристік өнімдердің сапасы арттырып, бәсекеге қабілеттігіні ұштау, туристік инфрақұрылымды дамыту, ішкі және халықаралық нарықтарда туристік дестинацияларды жылжыту, ұлттық бірыңғай туристік брендті қалыптастыру.

Туризм - өзге салалармен селбесе жұмыс жүргізетін сала. Яғни, оның дамуы өзге де салалардағы жұмыстардың жолға қойылуымен тікелей байланысты.

Туризм саласында бірыңғай үйлестіруші әрі бренд-менеджер рөлін атқару үшін, сонымен бірге Қазақстанның туристік саласын жүйелі әрі институционалдық тұрғыда дамыту мақсатында елімізде «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы құрылған болатын.

«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының даму стратегиясында көрсетілгендей, Қазақстан хикаятты, MICE, оқиғалы, тарихи һәм мәдени, медициналық, экологиялық, этнографиялық, балалар мен жасөспірімдерге арналған бағыттар бойынша туризмді дамытудың басымдықтарына ие.

«Осыған байланысты туристер, бизнес пен инвесторлар үшін отандық туристік орындардың артықшылықтарын көрсете білу үшін түбегейлі жүйелі әрі кешенді шараларды қабылдаған абзал», - деп жазылған жарияланған құжатта.

Қазақстанның туристік әлеуетін қаржылық тұрғыда демеу үшін «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы отандық және шетелдік инвесторларды салаға тарту ісіне күш салады.

Мәселен, 2028 жылға дейін туристік саладағы жобаларға 39 млрд теңге тарту көзделген. Жобаларды жүзеге асыру аясында «Kazakh Tourism» ҰК-ның қатысуымен 2028 жылға дейін басымдыққа ие туристік дестинацияларда нөмірлік қорды 1 800 төсек орынға дейін көбейту көзделген.

Құжатты көппен бірге талқылау жұмысы 31 желтоқсанға дейін жалғасады.

Соңғы жаңалықтар