Қазақстанда туристер shagym.kz модулі арқылы шағымдана алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Туристерден сервис сапасы бойынша шағымдар қабылдау және проблеманы дер уақытында шешу үшін shagym.kz модулін кеңінен енгізу тапсырылды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдармен өткізген кеңесте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Жиналыс елдегі демалыс орындарын талапқа сай келтіру мәселелеріне арналды.

Мәлім болғандай, биыл елдегі туристер саны бірнеше есе артқан.

Осы жылдың 7 айында Бурабайға 550 мың адам (2021 жылы – 300 мың адам) барған. Бірінші жартыжылдықта Алматы тау кластерінің ұлттық парктеріне барған туристер саны 50% артқан. Сондай-ақ өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда «Шымбұлақ» тау курорты туристерінің саны екі есеге көбейген.

«Осыған байланысты «жұмсақ» инфрақұрылымға, әсіресе курорттық аймақтардың тазалығына жүктеменің артуы байқалады. Бурабай, Алакөл, Имантау-Шалқар курорттық аймақтарында, Алматы өңірінің ұлттық парктерінде, Маңғыстау облысында қоқыс контейнерлері жетіспейді», - делінген ұсынылған хабарламада.

Осы орайда Ералы Тоғжанов ұлттық парктер мен курорттық аймақтардың аумағынан қатты тұрмыстық қалдықтарды бір күн ішінде шығаруды тапсырды. Сондай-ақ қоқысты жиі шығарып отыруды, қосымша контейнерлер орнатуды жүктеді.

Бұдан бөлек, сервис сапасын арттыру мәселелеріне жедел ден қою мақсатында shagym.kz модулін кеңінен енгізу қажеттігі айтылды. Осылайша туристердің шағым-ұсыныстарын жинау процесі цифрландырылмақ.

Кеңес барысында туристердің қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударылды. Айта кетейік, шілде айының басында Абай облысында Алакөл жағалауында болған ірі өрт бірнеше демалыс базасын шарпыды. Сонымен қатар акваторияларда қауіпсіздік ережелерін сақтамау жағдайлары, адамдардың қаза болу фактілері жиілеп кетті.

Вице-премьер жергілікті атқарушы органдарға құтқарушылар санын арттыруды және туристік полиция қызметін енгізу аясында жергілікті жерлердегі қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды.


Фото: primeminister.kz


Соңғы жаңалықтар