Қазақстанда тұрғын үйді басқарудың жеке тәсілі енгізіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпаарат тілшісі.

«Заң жобасы келесі негізгі мәселелерді шешуге бағытталған, яғни «Бір үй - бір бірлестік - бір шот» қағидасы бойынша «мүлік меншік иелерінің бірлестігі» коммерциялық емес ұйымның жаңа формасын құру арқылы басқару органдарының қызметін реттеу. Ұсынылған принцип әр үйді басқарудың жеке тәсілін қарастырады. Әр мүлік меншік иелерінің бірлестігі өзінің ағымдағы және жинақтаушы шоттарын ашатын болады. Аталған шара пәтер иелері кооперативтері және басқарушы компаниялар тарапынан қызметтер мен тарифтердің тұрғындарға жүктелмеуін және қаржыларының ашық жұмсалуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ тұрғындардың басқару тәсілін таңдау құқығы жеке басқару органдары арқылы немесе шарт негізінде басқарушы компаниялар арқылы беріледі», - деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр.

Бұдан бөлек, кондоминиум нысанының ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізудің жаңа тетігін енгізу ескерілген.

«Бұл тұрғындарға қаражаттың түсуін және мақсатты жұмсалуын бақылау арқылы тек өздерінің үйіне күрделі жөндеуге қаражат жинауға мүмкіндік береді. Күрделі жөндеу жүргізуге қаражат жинақтау және жеңілдетілген қарыз алу механизмі әзірленді. Мысалы, тұрғын үй құрылыс банкінің есебіне сәйкес, қарыздар бойынша пайыздық мөлшерлеме жылына 2 пайызды құрайтын болады. Бұл схемаға жергілікті атқарушы органдар да қатысады, олар басқару органының өтініші бойынша күрделі жөндеу жүргізу қажеттілігі туралы шешім қабылдайды, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді ұйымдастырады, техникалық тексеру және энергия аудитін жүргізеді», - деді Р. Скляр.

Оның сөзіне қарағанда, басқару органдары қызметінің ашықтығын арттыру бағытында заң жобасында барлық қатысушылар үшін бизнес-процестердің ашықтығын қамтамасыз ететін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының ақпараттық жүйесін құру көзделген.

Ақпараттық жүйеде тұрғындар үй бойынша шығындар мен табыстарды бақылай алады, есептеулер мен есептесудің дұрыстығын тексере алады.

Соңғы жаңалықтар