Қазақстанда тұрғын үй құрылысы бойынша бірыңғай оператор құрылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда тұрғын үй құрылысы саласындағы операторлар біріктіріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі Басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Омарқожаев айтып берді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Бәйтерек девелопмент, Қазақстан ипотекалық компаниясын және Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорын біріктіру арқылы «Бәйтерек» холдингінің тұрғын үй блогын оңтайландыру жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен бірге, бірыңғай операторға «Даму» қорының құрылыс салушыларға несиелерді субсидиялау функциясы беріледі. Биылғы 1 маусымға дейін заңнамаға тиісті өзгерістер енгізіледі. Бірыңғай оператор стратегиялық жоспарлаудан бастап, инжиниринг, цифрлық мониторинг сынды жобаны жүзеге асырудың барлық кезеңдерінде кешенді қолдау көрсетеді. Оған қоса, «Нұрлы жер» ситуациялық орталығының онлайн порталын құрдық», - деді Ә. Омарқожаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникация қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесін әрі қарай дамыта береді.

«Осылайша, «Бәйтерек» холдингіндегі бес оператордың саны екіге дейін азаяды. Холдингтің тұрғын үй блогы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі тарапынан сұранысты арттырып отырады және Бірыңғай оператор функциялары арқылы тұрғын үй салу бойынша ұсынысты қамтамасыз етеді. Бірыңғай оператор құрылыстың жаңа әдістеріне, жаңа құрылыс материалдары мен технологияларға бағытталып отыр», - деді Ә. Омарқожаев.


Соңғы жаңалықтар