Қазақстанда Тұран жолбарысын қайтару жобасы қолға алынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде Тұран жолбарысын қайта түлету туралы жаңа жоба қолға алынды. Бұл туралы БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты даму бойынша басшысы Арман Қашқынбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«БҰҰ Даму бағдарламасы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, WWF (Бүкіләлемдік жабайы табиғат қоры), Ресей Федерациясының Үкіметі және Qazaq Geography ұйымымен бірлесіп 2021 жылдан бастап Қазақстанда Тұран жолбарысын қайта түлету мақсатында кеңауқымды жобаны жүзеге асыруға кіріседі. Кезінде Тұран жолбарысы Іле-Балқаш резерватында мекендеген. Қолда бар ақпараттарға сәйкес соңғы жолбарысты 1948 жылы броконьерлер атқан. Осылайша өкінішке қарай біздің елден Тұран жолбарысы толығымен жойылды», - деді А.Қашқынбеков.

Оның айтуынша, Тұран жолбарысы барлық Орталық Азия елдері аумағында мекендейді.

«Қазіргі таңда ұлттық мақтанышымыз ілбіс (қар барысы) болса, енді 5 жылдан кейін еліміздегі алғашқы Тұран жолбарыстарымен мақтанатын боламыз. Алғашқы Тұран жолбарыстарын Ресейдің Приамурье аумағынан 5 жылдан кейін, мүмкін одан да бұрын әкелетін боламыз. Кейбір генетикалық зерттеуге сәйкес, амур жолбарыстары Тұран жолбарыстыраның алыс туысы болып келеді», - дейді ол.

А. Қашқынбековтің мәлімдеуінше, Тұран жолбарыстарын қайта жаңғырту жобасы осыдан 3-4 жыл бұрын Санкт-Петербургте өткен экономикалық форумда таныстырылып, ізінше Ресей Үкіметі жобаны бекітті.

«Алғашқы уақытта жобаны жобаны іске асыру жұмыстары жүрмеді. Ендігі уақытта құзырлы мемлекеттік органдардың қолдауымен қайта қолға алынуда. Аталған жобаны қаржыландыру БҰҰ Даму бағдарламасы, WWF (Бүкіләлемдік жабайы табиғат қоры) және ҚР Үкіметінің есебінен жүзеге асырылады. Алдымен жолбарыс мекендейтін аумақ пен олардың азық базасы дайындалады. 4-5 жылдан кейін алғашқы 12-13 Тұран жолбарысы әкелініп, олардың бейімделуі қадағаланады. Содан соң ғана еркіндікке жіберіледіды. 2050 жылға қарай еліміздегі Тұран жолбарысының саны 100-ден асады деп болжанып отыр», - деді ол.

БҰҰ Даму бағдарламасы өкілінің мәлімдеуінше, жоба жойылған аңды ел аумағына қайтарумен қоса, ұлттық құндылығымен ерекшеленеді.

«Менің Facebook-тегі Тұран жолбарысы туралы жазбамнан соң көптеген кәсіпкерлер, Үкіметтік емес ұйым өкілдері және экологиялық белсенділер көмектесуге дайын екендігін жеткізді. Бұл қуанарлық жағдай. Бүгінде еліміз үшін маңызды болып табылатын жобаны жүзеге асыратын команда жинақталды», - деді Арман Қашқынбеков.

Еске сала кетсек, бұған дейін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Іле өзенінің сағасындағы Балқаш көлінің оңтүстік жағалауы және осыдан шығысқа қарайғы жер Тұран жолбарысы жерсіндірілетін аумақ ретінде таңдалғаны туралы хабарлады.



Соңғы жаңалықтар