Қазақстанда тұңғыш жартылай синтетикалық мата өндіру фабрикасы ашылды (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Индустриялық-инновациялық дамудың бірінші бесжылдығы артта қалды. Ел экономикасын дамытудың қозғаушы күші болып отырған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы осы уақыт аралығында Қазақстанның өндірістік қуатын арттырып, әлеуметтік ахуалын бір серпілтіп тастағаны анық. Жаңадан ашылған жобалар халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, жаңа жұмыс орнымен қамтуға септігін тигізді. Сондай кәсіпорындардың бірі - сапасы жоғары отандық мата шығаратын «Сәуле» тігін-трикотаж фабрикасы.

Жаңа фабриканың іске қосылуына «Қазақстанды жаңаша индустрияландыру: 2014 жылдың және бірінші бесжылдықтың қорытындылары» атты жалпыұлттық телекөпір барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев рұқсат берген болатын.

Жаңа өндіріс орнының алға қойған мақсаттары туралы «Сәуле» тігін-трикотаж фабрикасының директоры Дәурен Әлімбеков әңгімелеп берді.

- Өндіріс орны туралы кеңірек айтып берсеңіздер. - Кәсіпорын 1999 жылы құрылған. 2 фабрика жұмыс жасап тұр. Бірі - Алматыда сапасы жоғары мата өндіретін фабрика болса, екіншісі сол шикізатты өңдеп, киім тігетін фабрикамыз Шымкентте орналасқан. Негізгі бағытымыз әскери, арнайы, жұмыс киімдерін тігу және соларға арналған мата өндіру. Алматыдағы мата фабрикасы өткен жылы ашылды. Мұнда жылына 1 млн метр мата өндіріледі. Шымкенттегі тігін фабрикасының өндірістік қуаты - жылына 300 мың дана өнім. - Мемлекет тарапынан қандай қолдау болды? - Біздің бизнесіміздің құрылуына, өрістеуіне мемлекетіміздің көрсеткен қолдауы көп. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорынан демеуқаржыға ие болдық. «Даму» қоры банктен алынған несиенің пайыздық көрсеткішінің жартысын өздері қаржыландырды.

- Өндіріс барысында қандай инновациялық технологияларды қолданасыздар? - Тігін фабрикасында өндірістік заманауи технологияларды қолданамыз. Мата жасау фабрикасында қазіргі таңда Қазақстандағы - бірінші, Орталық Азиядағы екінші кәсіпорын ретінде аралас (жартылай синтетикалық) мата жасауды игеріп жатырмыз. Адам ресурстарын басқаруда инновациялық технологиялардың бірі - жапондық Кайдзен әдістемесін қолданамыз. Аталған әдістеме Жапонияда соғыстан кейінгі жылдарда кеңінен пайдаланылып, «Тойота» сияқты компаниялардың қарқынды дамуына ықпал еткен. Кейіннен бұл принцип Америка, Еуропа корпорацияларында да пайдаланылды. Яғни, тәртіп пен тазалыққа негізделген өндірісте әр адамды кәсіби тұрғыдан жетілдіру - басты мақсат. - Индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығына құрған жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз. - Жақын арада трикотаж мата жасау өндірісін ашамыз. Сондай-ақ, шығарылатын маталардың түрлерін көбейту жоспарда бар. Өндірістің кеңеюі қосымша 100 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек. Осы мақсатқа жету үшін тағы да «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша қосымша несие алу ойда бар. - Кәсіпорында қанша адам жұмыс істейді? - Біздің кәсіпорында 195 адам жұмыс істейді, олардың басым бөлігі, нақтырақ айтқанда 170-і әйелдер.

Соңғы жаңалықтар