Қазақстанда тұңғыш рет өкпе ауыстырылатын болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық Ғылыми Хирургия орталығы өкпе трансплантациясын жасауға дайындық үстінде. Бұл туралы орталықтың бас директоры Жеткерген Арзықұлов мәлім етті.

Қазақстанда мұндай операция алғаш рет жасалғалы тұр.

Қазіргі таңда әлемде статистика бойынша 1 млн адамға шаққанда 10 адам осындай отаға мұқтаж. Ал, Қазақстанда экологиялық ахуалға байланысты мұқтаж науқастардың саны одан артық болуы мүмкін. Күту тізімі қазір Алматы қаласы бойынша жасалып жатыр. Науқастар нөмір 1 қалалық аурухана базасында тіркеледі.

Айта кету керек, мұндай күрделі операциялар АҚШ пен Еуропада ғана жасалады. Ал, Орталық Азияда бұл қадамға А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық Хирургия орталығы тұңғыш рет барғалы отыр. Қазір орталық мамандары Нидерландыдағы Гронинген қаласында үздік клиникада арнайы оқытудан өтіп келді. Күрделі отаны жасау кезінде Гронингендегі хирургиялық топ Қазақстанға келіп кеңес беретін болады.

Бас директордың айтуынша, А.Сызғанов атындағы орталықта осы мақсатта құны қымбат тұратын арнайы аппаратура сатылып алынды.

«Өкпе доноры - өте күрделі мәселе. Жол апатынан қаза болған адамдардың өкпесі алуға жарамайды. Өйткені, басынан жарақаттанса, ол адамның тыныс жолдарына су құйылып кетеді. Тіпті, донор тез табылғанның өзінде ағза мүшесін науқас адамға салу үшін 4-ақ сағат уақыт бар. Өйткені, тек осы уақыт аралығында ғана өмір сүреді. Сондықтан, біз кез-келген уақытқа әзір болуымыз керек», - деді орталық директоры Жеткерген Арзықұлов.

Осы уақытқа дейін аталған ғылыми орталықта 667 бүйрек, 1 жүрек, 14 бауыр алмастырылды. Сәтті өткен бірнеше операциядан кейін халық арасында ағза ауыстыруға қатысты көзқарас біршама жақсарған.

Соңғы жаңалықтар