Қазақстанда туберкулезбен күрес айлығы басталды
2020 жылғы 24 ақпан 14:00

Қазақстанда туберкулезбен күрес айлығы басталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне арналған айлық 24 наурызға дейін жалғасады. Бұл туралы Ұлттық фтизопульмонология орталығының директоры Мәлік Әденов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемдік деңгейде аталып өтетін айлықтың маңызы зор. Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күнінің ұраны – «Туберкулезге қарсы күресте сенің де өз үлесіңді қосатын уақытың келді».

«Осы акцияның аясында емханаларда ашық есік күні өтеді. Әр азамат тұрғылықты мекенжайы бойынша соған барып, тексеріле алады. Оның барлығы тегін. 24 наурыз - Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні. Осының аясында туберкулез ауруының алдын алу және басқа да мәселелер бойынша мәліметтер беріп отырамыз», – дейді ол.

Айлық аясында фтизиатр, фтизиопедиатрлардың тегін кеңестері, тұрғындарды флюорографиялық тексерістен өткізу сияқты ауқымды акциялар жоспарланған.

Бұған дейін Мәлік Әденов қазір туберкулезбен ауыратындардың емделуін дәрігер смартфон арқылы қадағалайтынын жеткізген болатын.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT