Қазақстанда триатлон спортының өсу динамикасы жоғары - вице-министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде триатлон спорт түрінің бүгінгі жағдайы мен оны дамыту жолындағы атқарылып жатырған жұмыстар жөнінде ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Елдос Рамазанов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

«Триатлон бүгінде еліміздің 13 өңірінде спорт түрі ретінде қолға алынып қарқынды даму үстінде. Және бұл бағытта еліміз бойынша 17 триатлон бөлімі жұмыс істейді. Өткен жылдың есебі бойынша Қазақстанда нақты айналысатын 1 163 спортшы бар. Оның ішінде белсенділердің көшін Алматы қаласы бастайды 248 спортшы тіркелген, одан соң ШҚО - 177 спортшы, үшінші орында Ақмола облысы - 133 триатлоншы, осындай көрсеткішпен тізім одан әрі жалғаса береді. Аталған спорт түріне қызығушылық танытушылардың пайыздық көрсеткіші 2018 жылы оның алдыңғы жылмен салыстырғанда 37,8 пайызға артқан. Сондықтан бұл спорт түрінің өсу динамикасын жоғары деп айта аламыз», - деді Е. Рамазанов.
Оның айтуынша, бүгінде елімізде триатлонға дайындайтын 56 ересектерге арналған жаттықтырушы және 50 балалар мен жасөспірімдерді дайындайтын бапкер бар.
«Жалпы триатлонмен айналысу үшін арнайы база қажет емес, бірақ міндетті түрде бассейн болуы тиіс. Ал біздің ұлттық құрамдағы спортшылар Түркістан облысы мен Бурабайдағы триатлоннан оқу-жаттығу орталығында дайындалады. Қазіргі уақытта еліміздің ұлттық құрамында 24 триатлоншы бар. Оның 8-і негізгі құрамда, 8-і жастар құрамында және 8-і жасөспірімдер құрамына кірген. Олардың барлығы республикалық және халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүр. Өткен жылы спортшыларымыз 9 республикалық және 13 халықаралық сайысқа қатысты. Және бұл бағытта бюджеттен 45 млн теңге қаржы бөлінді», - деді ол.
Вице-министрдің дерегіне сүйенсек, отандық спортшылар еліміз тәуелсіздік алғалы түрлі деңгейдегі халықаралық жарыстардан 50-ге жуық жүлдеге ие болған.
Бұған дейін хабарлағанымыздай бүгін елордада триатлоннан ІІ Әлем кубогы өтіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар