Қазақстанда төртінші цифрлық ХҚО ашылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Қостанай қаласында халыққа қызмет көрсететін цифрлық орталықты ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл - республикадағы төртінші цифрлық ХҚО. Бүгінде осындай орталықтар Астана, Алматы, Шымкент қалаларында қызмет көрсетіп отыр. Бұл жерде азаматтар мемлекеттік қызметтерді өздігінше, оператордың көмегінсіз ала алады. Сондай-ақ мұнда цифрлық сауаттылықты арттыруға арналған оқу бөлмесі жабдықталған.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында азаматтарға мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуды үйретуіміз керек. Бұл үшін осындай орталықтарды барлық облыс орталықтарынан ашу жоспарланған. Қазіргі уақытта халыққа қызмет көрсететін цифрлық орталықтар үш қалада ғана бар. Ал Қостанай қаласы үш мегаполистен кейін цифрлық ХҚО ашылған алғашқы облыс орталығы болды», - дейді «Азаматтарға арналған үкіметтің» Қостанай облысы бойынша филиал директорының орынбасары Азамат Имамбеков. 

Цифрлық ХҚО Тәуелсіздік көшесі, 46 мекенжайында («Метрополь» мейрамханасының бұрынғы ғимараты), бірінші қабатта орналасқан.

Ал ғимараттың екінші қабатына Қостанай қаласының №1 ХҚО-сы көшті. Бұған дейін бөлімше Тәуелсіздік, 114 мекенжайында орналасқан болатын. Жалпы, азаматтар осы бөлімдегі жағдайды жақсартуды талап етіп, жиі шағымданатын еді. Осы ескертулер есепке алынып, №1 бөлімше заманға сай ғимартқа көшірілді. Операторлар қызмет көрсететін 21 жұмыс үстелімен жабдықталды.

Сондай-ақ, Қостанай қаласының әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімдері де осы ғимаратта қызмет ұсынып, жұмыс істейді.

Қостанай қаласында орналасқан басқа да фронт-офистердің мекенжайы:

№2 бөлім - Гашека көш., 14;

№3 бөлім - Курганская көш., 31;

мамандандырылған халыққа қызмет көрсету бөлімі - Карбышев көш., 12/10.

Халыққа қызмет көрсету орталықтары дүйсенбі - сенбі аралығында сағат 09.00-ден 20.00-ге дейін үзіліссіз жұмыс істейді.

Соңғы жаңалықтар