Қазақстанда Томирис патшайым туралы фильмді түсіру жұмыстары басталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Сатайфильм» кинокомпаниясымен бірлесіп, «Томирис» ауқымды тарихи жобасы бойынша жұмысқа кірісті, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі киностудияға сілтеме жасап.

Фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен түсіріліп жатыр. Бас продюсері - Әлия Назарбаева («Анаға апарар жол»). Фильмнің қоюшы режиссері - Ақан Сатаев («Рэкетир», «Адасқан», «Ликвидатор», «Жаужүрек Мың Бала», «Анаға апарар жол»).

«Қазақфильм» киностудиясының ақпаратына сәйкес, картина біздің дәуірімізге дейінгі VI ғасырдағы оқиғалар жайында сыр шертеді. Ол кезеңде сақ тайпалары ұлы даланы жаулап алуға келген парсы патшасы ІІ Кирге ойсырата тойтарыс береді. Сақ әскерінің қолбасшысы массагеттердің патшайымы Тұмар (Томирис) болды. «Бұл шайқас, меніңше, халықтар арасындағы ең сұрапыл соғыс болды», - деп жазды ежелгі грек тарихшысы Геродот. Фильм сценарийін әзірлеген кезде оның еңбектері де пайдаланылады.

 «Томирис патшайым туралы фильм түсіру - Әлия Нұрсұлтанқызының идеясы. Мен және біздің команда «Анаға апарар жол» жобасында бірге табысты жұмыс істегенннен кейін, қуанышпен әрі үлкен жауапкершілікпен кезекті бірлескен ауқымды жобаны іске асыруға кірісіп жатырмыз. Қазір бізде дайындық жұмыстары жүріп жатыр: сценарий жазу, әзірлеу, жоба өндірісін жоспарлау, түсіру тобын, ғалым-консультанттар тізімін қалыптастыру, тарихи материалдарды зерделеу, локацияны алдын ала таңдау», - деді режиссер Ақан Сатаев.

Режиссер жалпыреспубликалық кастинг жарияланатынын айтты. Барлық актерлер түсірілім алдында атқа мінуге, садақ атуға және басқа да әскери дағдыларға үйретіледі.

Түсірілім 2017 жылғы қазанда басталады. 2018 жылғы ақпанға дейін Қазақстан аумағында өтеді. Сценарий авторлары - Әлия Назарбаева, Тимур Жақсылықов. Бұдан басқа, түсірілім процесіне елдің барлық жетекші шығармашылық күштері тартылып, шетелдік мамандар (скрипт-докторлар, компьютерлік графика саласындағы мамандар) шақыртылды.

Фильм режиссері Ақан Сатаев патшайым туралы кинокартина халықаралық көрерменнің де үлкен қызығушылығына ие болатынын атап өтті. Қазақстандық премьера 2018 жылғы желтоқсанға жоспарланды.

Соңғы жаңалықтар