Қазақстанда ТМД бойынша баламасы жоқ орталық ашылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Аталған орталық қоғамдық денсаулықты сақтау саласындағы төтенше жағдайларды бақылап, шұғыл шаралар қолданатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кеткен жөн, ондай орталықты ашу міндеті Халықаралық медициналық-санитарлық ережелерде жазылған. Аталған ережелерді 196 мемлекет қабылдады. Олардың ішінде Қазақстан да бар. Негізгі мақсат - ауру-сырқаулардың таралуына жол бермеу.

Қазақстандағы орталық барлық құзіретті мемлекеттік органдармен тығыз жұмыс жасайтын болады. Олардың ішінде ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті, ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау комитеті, ҚР ЭМ Атомдық және энергетикалық қадағалау комитеті, ҚР ИИДМ өндірістік қауіпсіздік және индустриалдық даму комитеті, сондай-ақ, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулықты сақтау комитеті бар.

Шұғыл орталық аталған меморгандардан түсетін барлық ақпаратты талдап, үйлестіру шараларын жүргізетін болады. Мәселен, Төтенше жағдайлар комитетінен табиғи-техногендік сипаттағы апаттар, биологиялық, химиялық және радиациялық жағдайлар жөніндегі шұғыл ақпарат түседі. Ал Ветеринарлық бақылау комитеті адам мен жануарлар үшін қауіпті аурулар туралы хабар беріп отырады. Алдағы уақытта орталық мамандары да төтенше жағдайлардың алдын алу шараларына атсалысады деген жоспар бар.

Қоғамдық денсаулықты сақтау комитетінің басшысы Жандарбек Бекшиннің айтуынша, ТМД бойынша ондай орталық әлі жоқ. Қазақстан бірінші болып, шұғыл орталықты ашып отыр.

«Бәріміз жақсы білеміз, әлемде сан алуан төтенше жағдайлар орын алып жатады. Мәселен, радиацияны алсақ, ол - Фукусима мен Чернобыль. Ал биологиялық қауіп-қатерді алатын болсақ, ол - Эбола вирусы. Бұдан бөлек, Мадагаскар өкпе обасы бар. Бүкіл әлемді шулатқан коронавирус. Келешекте ондай қауіп-қатерлер әлі болады. Сондықтан осы орталық құрылып отыр. Оның негізгі мақсаты - аталған қауіп-қатерлерді шұғыл түрде ескеріп, тиісті алдын алу шараларын үйлестіру. Орталық тәулік бойы жұмыс істейді», - деді Ж.Бекшин журналистерге берген сұхбатында.

Айта кетейік, шұғыл орталық Министрліктер үйі ғимаратында орналасқан. Ол жерге арнайы кеңсе техникасы, компьютерлік және байланыс құралдары орнатылды. Орталық мамандары АҚШ-қа барып, төрт айлық оқыту курстарынан өтіп келді. Әзірше, орталықта үш маман жұмыс істейді. Алдағы уақытта штатты кеңейту жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар