Қазақстанда титаннан тіс импланттары өндірілуі мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «Стоматологиядағы инновациялар» атты Стоматологтардың халықаралық конгресіне арналған баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Бірыңғай Қазақстан стоматологтары қауымдастығының президенті (EKAS), медицина ғылымдарының докторы, IDA Дүниежүзілік стоматология академиясының академигі, Сәуле Есембаева өз ұйымының Қазақстанда титан импланттарын өндіру ісін жолға қоюды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

«Болашақта титанды қолдану бойынша Шығыс Қазақстан облысымен ынтымақтастықты дамытуды жоспарлап отырмыз. Бірақ, Қазақстанда өндірілетін титандар физикалық-химиялық қасиеттеріне байланысты,  денталды импланттарды дайындауға жарамайды. Дегенмен, қазір технологиялар өзгерді және ертең өзіндік өндірісті дамыту қажеттігі туралы баяндама оқылады. Яғни, өз елімізде титан импланттарын әзірлеуді жолға қою керек», - деді ол.

Сонымен бірге, қауымдастық президенті бұл істі бұрынырақта қолға алғандарын және  бірқатар сәтсіздіктердің орын алғанын атап өтті.

«Бұл үшін әзірге титаннан артық материал жоқ. Осыдан 5 жыл бұрын бұл тақырыппен тереңірек айналысып көрдік, бірақ барлық сынақтарымыз сәтсіз шығып, қолдан келер қайран болмады. Бірақ, соңғы уақытта бұл тақырып қайтадан жанданып келеді», - деді Сәуле Есембаева.

Қазіргі уақытта Қазақстанда екі стоматологиялық қауымдастық белсенді жұмыс істейді: Қазақстан стоматологиялық қауымдастығы және Бірыңғай Қазақстан стоматологтар қауымдастығы. Олардың негізгі міндеттері практикалық дәрігерлерге қолданыстағы нормативтерді түсіндіру. Стоматологиялық қызметтің жұмысын регламенттейтін жаңа бұйрықтардың, стандарттардың және басқа нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу де қауымдастықтардың басым міндеттерінің қатарында.

Соңғы жаңалықтар